МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдік отырысы өтті

 

Облыстық әкімдік отырысын Құмар Ақсақалов кадрлық тағайындаудан бастады. Өңір жетекшісі “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директорын тағайындады. Лауазымды қызметке Тимур Бекеев ие болды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Тимур Берікұлы 1987 жылы Оңтүстік Қазақстанда туылған. 4 жоғары білімі бар. Банк ісі академиясын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Сәттілік тілейміз.

Кейін күн тәртібіндегі мәселе қаралды. Өңірге қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Ендеше, сақадай сай болу керек. Соның ішінде жолдарға қатысты ерекше әзірлік қажет.
Биыл өңір трассаларын уақытылы тазалап, олқылықтарға жол бермеу үшін 1 млрд теңге қаражат бөлініп отыр.

МАҚСАТ БАЯХМЕТ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– Жауапты іске 3 ұйым тартылған. Жолдарды күтіп-ұстау үшін 240-қа тарта адам мен 114 техника жұмылдырылмақ. Қазіргі таңда тегеурінді техникалар сақадай сай. Қазіргі таңда облыста қар басу қаупі бар 266 учаске бар. Оның жалпы ұзындығы 863 шақырымды құрайды.

Қыста осы бағытта қалталы кәсіпкерлер де қол ұшын созбақ. Қазіргі таңда өңірде аудандық маңызы бар 5 мың шарқырымнан астам жол бар. Қауырт маусымда оның 1,4 мың шақырымын аграрийлер тазаламақ. Республикалық жолдарға келер болсақ, оның ұзындығы 2 мыңға жуықтайды.

ҚАНАТ ӨСЕРБАЕВ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директорының міндетін атқарушы:
– Биылғы жылы облыстағы республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға 2,590 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 2,1 млрд теңгесі игерілді. Алдағы қауырт маусымға дайындық барысында трассалар маңындағы бұталардың 75%-ы шабылды. Сондай-ақ, жол шетінде қар ұстап қалатын шөп толығымен жойылды.

Қазіргі таңда республикалық маңызы бар жолдарды тазалайтын техникалар тозған. Бұзылып, істен шыққан көліктердің салдарынан жол да уақытында аршылмай жатады. Құмар Ақсақалов мұндай проблема туындаған жағдайда бірден облыстық әкімдікке жүгіну қажеттігін айтты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Белгілі бір мәселе туындаған жағдайда оны тура компания басшылығына жеткізу керек. Сіздердің өтініштеріңізге құлақ аспаса бізге айтыңыздар. Проблеманы бірлесіп шешеміз. Техника жетіспеушілігімен қатар көліктердің арасында істен шыққандары да бар. Мұны ертең жолда қалған ағайынға қалай түсіндіресіздер?. Техникамыз бұзылып қалды дейсіздер ме?

Келесі мәселе мынандай. Жазда облыс орталығына қойылатын жол шетіндегі бордюрлар қыста қайта қопарылып қалады. Жазда жайқалып өскен ағаштар сынып жатады. Ал оған себеп көшелерде жүруі тиіс емес алпамсадай техникалар деді Құмар Ақсақалов.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жан-жағын жайпап үлкен жүк артатын көліктер жүреді. Одан кейін оны қалыпқа келтіруге қайтадан қаражат бөлінеді. Мұнымен айналысатын адамдардың бірде-бірі жауапкершілікті мойындарына алмайды.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Тазарту жүргізілгеннен кейін полиция қызметкерлерімен бірге рейд жүргіземіз. Бақылау шарасы барысында бұзушылықтар да анықталады. Тиісінше айыппұл салынады және олқылықтар дұрысталады.

Бұл тек облыс орталығына ғана қатысты емес. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне де жұмыстың адал атқарылып, қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалаңдар деген тапсырма берді.


Алдияр Айтпаев