Спорт

Тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат өтті

Ұлттық спортты ұлықтаған қыз-жігіттер Петропавлда бас қосты. Облыс орталығында тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат ұйымдастырылды. Тартысты жарысқа аудан мен қала мектеп, колледждерінен келген 21 жасқа дейінгі жастар қатысты. Карина Ғұбайдулина бұл спорт түріне небәрі 7 жасында дем қойыпты. 10 жыл аралығында бұрымды біршама жетістіктерге жеткен. Бүгінгі сайыста да жүлдеден дәмелі.

КАРИНА ҒҰБАЙДУЛИНА, жарысқа қатысушы:
–  Республикалық жарыста 3-ші орын алдым. Облыстық сайыстарда да үнемі жүлдеге ілігемін.
18 Тоғызқұмалақпен мектеп кезінен айналысамын. Бірінші сыныптан бастап дене шынықтыру сабағында ойнайтынбыз. Сонымен қазіргі уақытқа дейін ойнап жүрмін.  Тоғызқұмалақ санау мен ұшқыр ойды талап етеді. Ойланып, санап әрекет ету қажет.

Сайыста қыз-жігіттер екі топқа бөлінді. Яғни бұрымдылар өзара, ал ұлдар бөлек мықтыны анықтады. Бұл додада әр жұпқа 1 сағат көлемінде уақыт берілді. Айта кетейік, жарыс Республика күніне орай өткізілуде.

ЖОМАРТ ОМАРОВ, тоғызқұмалақтан облыс федерациясының президенті:
– Соңғы кезде өзіміздің ұлттық құндылығымыз, қазақшылығымыздың иісі аңқыған көп дүниелеріміз кенжелеп қалуда. Соның ішінде тоғызқұмалақ ойыны да бар. Бұл бабамыздан келе жатқан үлкен құндылығымыз. Бұрыннан аты бар, бірақ заты жоқ дүние болды. Енді осы істі алға қарай дамыту керек. Бұған үлкен қаражат та керегі жоқ.

Жалпы, Петропавл төрінде өткен бүгінгі сайысқа 7 рет өлшеп 1 рет кесуге машықтанған 40-қа тарта ұл-қыз қатысты. Жеңімпаздар республикалық жарысқа жолдама алды. Жүзден жүйрік атанғандар қараша айында Ақтау қаласына барып, өңір намысын ел чемпионатында қорғайды.


Алдияр Айтпаев