МТРА жаңалықтары

Петропавлда балалар арасында облыстық конкурс-практикумы өтті

Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында дизайн бойынша облыстық конкурс-практикумы өтті. Байқауға 100-ге жуық бала қатысып жатыр. Соның ішінде ауданнан келгендері 10-нан сәл асады. Сайыс 3 аталым бойынша өтіп жатыр: қазақ ұлттық стиліндегі натюрморт, пейзаж және композиция. Дарынды ұл-қыздар 3 сағаттың ішінде осы үш тақырыптың біреуін таңдап, толыққанды сурет салуы қажет.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі
– Қатысушылар 2Д форматындағы өзінің шығармашылық жұмыстарын көрсетеді. 2 жыл пандемияға байланысты қашықтық форматта өткіздік, ал енді осы жылы 2 жыл үзілістен кейін оффлайн форматында өткізіп отырмыз.

Оқушылар мұғалімдерімен бірігіп сурет салуда. Жеткіншектердің бойынан қарым-қабілеттерін байқауға болады. Бұл сайыс жас ұрпақтың шығармашылық ой-қиялын дамытуға, эстетикалық талғамы мен өнер бағытына деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді дейді ұйымдастырушылар. Әр бала салып жатқан суретін ұқыпты әрі тиянақты орындауға тырысып-ақ жатыр. Алтынай Ескендірова Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында оқиды. 6-шы сынып оқушысының сурет салуға деген ыңғайы бар.

АЛТЫНАЙ ЕСКЕНДІРОВА, байқауға қатысушы
– Өзімнің жетістігімді көрсету үшін осы конкурсқа келдім. Біз осы конкурста плиткадан натюрморт жасап жатырмыз. Маған қазақша стильде натюрморт салған ұнайды. Натюрморт дегеніміз – заттардың суретін салу.

Байқау қорытындысы бойынша қатысушылар мен жеңімпаздар дипломдармен марапатталады.


Гульден Симбаева