МТРА жаңалықтары

Петропавлда мәслихат депутаттарына арналған семинар өтіп жатыр

 

Петропавлда мәслихат депутаттарына арналған семинар өтуде. Жиын ба­рысында халықтың жағдайын жақсарту үшін қандай жағдайлар жасалуы тиіс, мәслихат жұмысын одан әрі жетілдіру үшін не істеу керектігі айтылды. Семинарға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл қатысты.

ЕРЛАН ӘБІЛ, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры:
– Бүгінгі семинардың басты мақсаты – облыстың мәслихат депутаттарымен ашық әңгіме жүргізу. Туындап жатқан мәселелердің басын ашып алу және оларды шешу жолдарын анықтау. Ең үлкен мәселе – коммуникация орнату мәселелері, депутаттардың халықпен тығыз байланыста болуы.

Айбек Хоршаттың Ақжар аудандық мәслихатының депутаты атанғанына 6 жыл. Ауданда 25 ауыл бар. Депутаттың айтуынша елді мекендердің басым көпшілігіне жылына 3-4 рет барып, тұрғындармен тілдеседі. Ауылдағы ағайынды мазалайтын мәселе – жол, ауыз су мен жарық.

АЙБЕК ХОРШАТ, Ақжар аудандық мәслихатының депутаты:
– Бүгінде бұл сұрақтар біртіндеп шешіліп жатыр. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында елді мекендерге қомақты қаржы бөлінуде. Біз қандай да болсын мәселелерді тиісті деңгейде әкімшілікке жеткізуіміз керек.

Семинардан кейін Ерлан Әбіл Мемлекеттік басқару академиясын аяқтаған солтүстікқазақстандық түлектермен кездесті. Олардың арасында Нұрсұлтан Байзақ та бар. 2 жыл академияда білім алған 29 жастағы азамат қазір Шал ақын ауданы әкімі аппаратының басшысы болып еңбек етуде.

Нұрсұлтан Байзақ, Шал ақын ауданы әкімі аппаратының басшысы:
– Академия әлемге жол ашты. Әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің үздік жобаларымен таныстық. Осы жобаларды елімізде қалай дұрыс пайдалануды үйретті. Сол пайдалы білімнің арқасында жұмыста жақсы жетістіктерге қол жеткіздім.

Нұрсұлтан Байзақ академияны осыдан 2 жыл бұрын тәмамдаған. Жас маман өзі еңбек етіп жатқан ауданда жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдастықтарын құрмақ ниетте. Осылайша, азаматтар өз ауылының, қаласының тұрмыс-тіршілігіне араласып, дамуына ықпал ете алады дейді.


Дана Ешкенова