МТРА жаңалықтары

Ауыл әкімдері сайланды

 

Бұл – Есіл ауданына қарасты Ильинка ауылында орналасқан №141 сайлау учаскесі. Мұнда таңғы 7-ден адамдар келіп, округ әкіміне үміткер жандарға дауыс беруде. Көзді ашып-жұмғанша 1 сағат артта қалды. 60 минут ішінде 60-қа тарта адам өз таңдауын жасап үлгерді.

СЕРГЕЙ ТОЛОКНЕЕВ, №141 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы, Ильинка ауылы, Есіл ауданы:
– Сайлаушылардың жалпы саны 744 адамды құрайды. Тұрғындар белсенділік танытуда. Таңнан бері ауыл халқының 30%-ы дауыс берді.

Ауылдық округ әкімі сайлауына өздерінің бағдарламасын әзірлеп, тұрғындарға таныстырған 3 адам қатысып отыр. Адамдар олардан зор үміт күтеді. Ильинка дамып келе жатқанымен мұнда шешуді қажет ететін проблемалар баршылық. Міне, елді мекен халқы солардың жақын арада реттелгенін қалайды.

ПАВЕЛ ДИКАНЕВ, Ильинка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
–  Қуанышымызға орай, уақыт өткен сайын ауылдың тамырына қайтадан қан жүгіріп келеді. Пәтерлерге су кіргізілді. Көшелер жөнделіп, асфальт төселіп жатыр. Жарықшамдар елді мекеннің барлық тұсына қойылған. Ендігі шаруаны жаңа әкім тындырады деген сенімдеміз.

Сайлаудың қорытындысы мәлім. Енді Ильинка округі әкімі қызметін Жасұлан Майнақов атқармақ. Азамат халықтың 78,5% дауысына ие болыпты. Бұл күні саяси іс-шара Есіл ауданындағы Яснов ауылдық округінде де өтті. Мұнда 2 бірдей учаске жұмыс істеді. Жұртшылық өздеріне жақын, еңбекқор жанның басшы болғанын қалайды.

НИНА ЗИБЕРЕВА, Ясновка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Біз ауылда таза су мен сапалы жол болғанын және мәдениет үйінің жөнделгенін қалаймыз. Басты мәселе – жол. Асфальт үгітіліп, соңғы уақытта жүріп-тұруымыз қиындап кетті. Осы проблеманы шешу қажет.

АНДРЕЙ КОНОВАЛОВ, Ясновка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Ауылішілік көшелер сын көтермейді. Бәрін сапалы жөндеу қажет. Халық бұл жұмысты күтіп отыр. Арманымыз орындалады деп сенеміз.

Мұндағы тұрғындарды қоғамдық көлік мәселесі де алаңдатады.

АНАСТАСИЯ ВЕЛИЧКО, Ясновка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Бізде ауыл мен облыс орталығы арасында қатынайтын қоғамдық көлік жоқ. Волошинка селосынан шағын автобус жүреді. Онда орын саны аз. Елді мекен тұрғындары кейде сыймай, қалаға жете алмай жатады. Жаңа әкім осы мәселені шешсе екен.

Яснов ауылдық округі әкімі сайлауына да 3 адам қатысты. Олар бұған дейін елді мекенге келіп, тұрғындармен тілдескен, жоспарларымен бөліскен.

ГЕННАДИЙ ГЛУШАКОВ, №156 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы, Ясновка ауылы, Есіл ауданы:
– Сайлаушылардың саны – 460. Әзірге, сайлау учаскесінде тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ. Барлығы тиісті талап бойынша өтіп жатыр. Тұрғындардың белсенділігін жоғары бағалауға болады.

Сайлау учаскесі кешкі 8-де жабылды. Санақ қорытындысы бойынша Серік Шаймергеновтың бағы жанды. Яснов ауылдық округі әкіміне сайлаушылардың басым бөлігі дауыс беріпті.

 


Байболат Култанов