МТРА жаңалықтары

Аққайың ауданында жол сапасы жақсаруда

 

Қазіргі таңда Қарағоға-Надежка тасжолына тақтайдай тегіс асфальт төселген. Бұған дейін бұл трассаның шұрық-тесіктерінен жүру мүмкін болмаған. Батпақты аймақта орналасқан жолдың су өткізгіш құбырының да тас-талқаны шығыпты. Бүгінде бұл олқылықтар толығымен реттелген.

АЙБЕК ҚОРЖҰМБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:
–  Су өткізгіш құбырлар орнатылды. Негізгі және кіреберіс жолдарға тротуарлар қойылды. Сондай-ақ, Бейнеш ауылының жанында аялдама орнатылды. Бұл жол М.Жұмабаев ауданының орталығы мен 6 елді мекенді байланыстырады. Онда 2 мыңнан астам адам тұрады.

Шаруа өткен жылдың күзінде басталған. Оған республикалық бюджеттен 1 млрд 123 млн теңге бөлінген. Бұл ақшаға 9,1 шақырым жол жөнделіпті.

ЕВГЕНИЙ БОЧКАРЁВ, “Есіл-строй экспертиза” ЖШС техникалық қадағалау жөніндегі инженері:
– Қазіргі уақытта жол 3-ші техникалық санат бойынша барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Жол сапалы әрі тегіс төселген. Бастапқы 5 шақырым жолдың жағдайы жақсы болды. Біз мұнда тек асфальт жабынын ғана ауыстырдық. Ал қалған 4,1 шақырым толығымен жаңартылды.

Күрделі жөндеу жұмысы Смирново-Тоқыш тас жолының 5 шақырымында да жүргізілді. Бұған дейін көрші ауылға қатынау барысында әбігерге түскен ағайын қазір дән риза.

БЛИЦ
–  Қазір жолымыз тақтайдай тегіс. Бұған дейін Трудовое ауылына 40 минут, 1 сағатта баратынбыз, қазір 10 минутта жетеміз.
– Трудовое ауылында тұрамын. Қыстыгүні жолды қар басатын. Жаздыгүні жауын-шашында да жүру мүмкін болмайтын. Қазір бұл жолмен жүрген кезде жолда қаламын деп уайымдамайсың.

РАДИК АРШАКЯН, “Ашық Аспан” ЖШС директорының орынбасары:
– Жұмысты өткен жылы көктемде бастадық. Осы учаскеде 4 ай бойы жұмыс істедік. Іске 20-ға тарта адам мен 25 техника жұмылдырылды.

Бұл жобаға ел қазынасынан 486 млн теңге бағытталған. Мердігер атқарылған ауқымды іске 2 жылға кепілдік беріп отыр.


Алдияр Айтпаев