Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда заманауи вагондар шығарылмақ

Облыс орталығындағы «ЗИКСТО» зауытында заманауи вагондар шығарылмақ. Бір кездері талайға танылған өндіріс ошағының аумағында қазір ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Мамандар ескі нысандарды сүруде. Алдағы уақытта бұл жерде өндірістің жаңа түрі қолға алынатын кешен тұрғызылмақ. Іспен және жоспармен аймақ басшысы Құмар Ақсақалов арнайы келіп танысты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл жерде бүгінгі күннің талабына сай кешен болады. Онда тасымалдаушы вагон жасалады. Алғашқы вагондарды біз қараша айында жинайтын боламыз.

Иә, вагондар жиналмақ. Ол үшін зауыттың өзге кешендері қолданылады. Ал заманауи корпус іске қосылған соң, мамандар өндірістің жаңа түрін қолға алмақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Бірінші кезде жиналатын болады. Ал болашақта бәрі осы жерде жасалмақ. Оған мамандардың білімі жетеді.

Міне, Солтүстік Қазақстанда дәл осындай жолаушы тасымалдайтын вагондар жасалмақ. Сырты кәдімгі вагоннан аумайды. Ал іші кез келген адамның таңдайын қақтырады. Мұнда қажеттінің бәрі болмақ.

Әрмен қарай тыңдаңыз! Вагонның ішінде зат сақтайтын шағын қойма, мүгедек адамдарға бөлек орын, 2 дәретхана, киім үтіктейтін жер мен душ болады. Иә, қате естіген жоқсыздар. Жасалған жағдайға облыс әкімі оң бағасын берді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл вагон әлемдік талаптарға толық жауап бермек. Жолаушы баратын жеріне дайын болып барады. Жақсы жаңалық.

Заманауи вагондар қазіргілерінен жылдам да болмақ. Олар сағатына 160 шақырымды бағындыруға мүмкіндік береді екен. «ЗИКСТО» зауытында платформаның да жаңа түрі жасалады. Бүгінде кешендердің бірінде қызу жұмыс жұріп жатыр.

Платформа – вагонның төменгі, негізгі бөлігі. Қазір зауытта бұрынғыдай 40 емес, 80 футтықтары жасалып жатыр. Яғни, олармен 2 есе көп жүк алып жүруге болады. Қуантарлығы, елімізде тек бізде ғана жасалатын тауарға тапсырыс мол.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 2020-шы жылы зауыт 2 мың платформаға тапсырыс алған еді. Бүгінгі күні 1234-і дайын. Сатылды. Қалғаны осы жылдың соңында немесе келесі жылдың басында дайын болады.

Вагон жайына қайта оралайық. «ЗИКСТО» зауыты болашақта 300 вагон шығармақ. Бұл – “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының тапсырысы.


Байболат Култанов