Спорт

Петропавлда грек-рим күресінен республикалық турнир өтті

Облыс орталығында 14 пен 18 жас аралығындағы жастар арасында грек-рим күресінен республикалық турнир өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден аса спортшы жиналды. Қырғызстаннан да келген білекті жігіттер бар.

Ортада қызылжарлық пен қырғызстандық спортшылар белдесіп жатыр.
Екеуі де бір-біріне дес берер емес. Ақыры қызыл жейдедегі қырғыз елінен келген Умар Омурбеков қарсыласын алып ұрды. 48 келі салмақ дәрежесінде күш сынастырған қырғызстандықтың грек-рим күресімен айналысып жүргеніне 7 жыл болған. Айтуынша, бүгінгі петропавлдық қарсыласы осал болмапты.

УМАР ОМУРБЕКОВ, жарысқа қатысушы, Қырғызстан
–  6:6-мен ұтылып келе жатқанмын. Аяғында 5 секунд қалғанда бастан прогиб істеп жібердім. Қарсыласым жақсы дайындалыпты.

Бозкілемге келесі болып 55 келі салмақ дәрежесіндегілер шықты. Тағы бір петропавлдық спортшыға қарағандылық палуан қарсы шықты. Екеуінің де мақсаты бір – жеңіс тұғырынан көріну. Қарағандылықтың мысы басым көрінеді, қарсыласын айла-амал мен күштің арқасында жеңді.

ИСЛАМ ДӘУЛЕТХАН, жарысқа қатысушы, Қарағанды облысы
– Қарсыласым мықты болды. Корпусқа кірдім де лақтырдым. Күреспен 5 жыл болды айналысып жүргеніме, 10 жасымда келдім.

Айта кетейік, республикалық турнир Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы,
өңірде күрестің дамуына зор үлес қосқан Жамбыл Тасеменовтің құрметіне орай ұйымдастырылып отыр. Шара барысында Жамбыл Серғазыұлы қырғызстандық әріптестеріне арнайы сыйлығын тарту етті.

ИН

Бұл жарысқа өңір намысын әлемдік аренада абыроймен қорғап жүрген спортшылар да қатысты.

МЕЙРАМ ХАМЗИН, жарыстың бас төрешісі
– Бұл жарыс жыл сайын өткізіледі. Мұндай жарыстар палуандарымыздың деңгейін өсіруге, мықты болуына үлес қосады. Жарыс 10 салмақта өтіп жатыр. 45-тен 90 келіге дейінгі балуандар өнер көрсетуде.

Турнир соңында жеңімпаздарға кубок, грамота, медаль мен ақшалай сыйлықтар берілді.


Гульден Симбаева