МТРА жаңалықтары

Петропавлда Рухани келісім күніне орай форум өтті

Қазанның 18-і – халықаралық Рухани келісім күні. Айтулы датаға орай бүгін Петропавлда форум өтті. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада имамдар мен әулие әкейлер және полиция мамандары бас қосты. Сондай-ақ, шараға қоғамдық даму министрлігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы да қатысты. Жиында дін атын жамылып теріс жолға түсіп адасқандар жайлы сөз қозғалды. Яғни, басқа ағымға еріп кеткендер. Бұл тақырып төңірегінде ең бірінші болып сарапшы-психолог Лола Шакимова өз ойын білдірді. Білікті маман “Адамдардың түрлі зұлымдыққа барып жатқандығының дінге еш қатысы жоқ. Әрбір дін тек жақсылыққа шақырады”,- дейді.

ЛОЛА ШАКИМОВА, сарапшы-психолог:
– Әрбір дін адамды айналаға тек оң көзқараспен қарауға шақырады. Позитивті өмір сүріп ойлауға баулиды. Ешбір дін адамды жауыздық пен зорлық-зомбылыққа, соғыс пен терроризмге үйретпейді. Терроризм мен дін – бір-біріне қайшы түсініктер.

Қазақтың салт-дәстүрі және дін. Қазіргі таңда ел ішінде бұл тақырып та өткір тұр. Қоғамда алауыздық тудырғысы келетін теріс ағымдағылар балаға азан шақырып ат қою, бесікке бөлеп және оның тұсау кесу рәсімдері ислам дініне қайшы деп жүр. Бүгінгі шарада бұл түсініктің қате екендігін нақты дәлелдермен исламтанушы Шәмшат Әділбаева баян етті.

ШӘМШАТ ӘДІЛБАЕВА, “Нұр-Мүбәрәк” Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, Алматы қаласы:
– Бұл да қазіргі кезеңде еліміздегі әртүрлі деструктивті діни ағымдардың халқымыздың, еліміздегі бірлікке келеңсіздік тудыру үшін қолданып жатқан шараларының бірі. Олар біздің ата-бабамыздың салт-дәстүрлерін жоққа шығарғылары келеді. Сол арқылы елімізді, қазақ халқының мұсылмандығын жоққа шығарып, жаңа бір өздерінің идеологияларын осы елге сіңірмек. Сондықтан да салт-дәстүрлер арқылы біз еліміздің бірлігін сақтап отырмыз. Бұл өте маңызды.

Жалпы, қазіргі таңда елімізде 15-тен астам конфессия бар. Оның кеңінен таралғаны – ислам. Отандастарымыздың 70%-ға жуығы осы дінді ұстанады.


Алдияр Айтпаев