Мәдениет

Облыстық орыс драма театры 136-шы маусымын ашты

Жаңа маусым, жаңа қойылым. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының ұжымы 136-шы театр маусымын Александр Островскийдің 200 жылдығына орай “Қасқырлар мен қойлар” атты туындысымен ашты.

 ТИМУР КӘРІМЖАНОВ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері:
– Жалпы, «Қасқырлар мен қойлар» қойылымы араға 80 жыл салып сахналанып отыр. Оқиға желісі тартымды. Оның тақырыбы мен мәнісі жылдар өтсе де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Спектакльде кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас пен пайдакүнемдік баяндалады.

Ақшаға кім қызықпайды?! Бұл пьессада жас әрі бай жесір әйелдің қазынасынан бір олжаға ие болғысы келген кейіпкерлер арасында кәдімгідей бәсеке-тартыс туындайды. Біреуі өзін әділ әрі адал жан ретінде көрсетуге тырысады, енді біреуі махаббатын паш етеді. Бұл жерде қайсысы қасқыр, қайсысы қой – болжау мүмкін емес.

Театрда – аншлаг. Өнерсүйер қауым театр маусымының ашылуын асыға күткен екен. Спектакль билеттері санаулы күнде сатылып кеткен.

БЛИЦ:
– Шынымды айтсам, театрға бірінші рет келіп отырмын. Мол әсер алдым. Актерлердің ойыны көңілден шықты. 1 жарым сағат уақыт бір сәттей өтіп кетті.
– Спектакль өте мазмұнды. Кейбір тұстары шынайы өмірде де кездеседі. Маған театр актерлерінің тақырыпты жеткізгендері ұнайды.

Театр ұжымының биылға әзірлеген премьерасы бұл ғана емес. Осы маусымда актерлер ресейлік режиссердің қоюымен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін сахналайды.


Данаш Хамзина