МТРА жаңалықтары

Ғасырлар тоғысындағы Солтүстік Қазақстан

Петропавлда “Ғасырлар тоғысындағы Солтүстік Қазақстан: тарих және қазіргі заман” атты республикалық ғылыми-теориялық семинар өтті.
Ауқымды іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген белгілі профессорлар, тарихшылар мен ғалымдар қатысты. Жиында “Алаш” қозғалысының солтүстік өңірдегі қызметі, облыстың топонимика мен ономастика мәселелері, саяси қуғын-сүргін, Солтүстік Қазақстан тарихын жан-жақты зерттеу және өзге де өзекті мәселелер қарастырылды. Облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікова саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарының барысына тоқталып өтті.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда жергілікті комиссия осы жұмысты жақсы орындауда. Нәтижесінде кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың есімдері анықталып, оларды ақтауға мемлекеттік комиссияға тізімін бердік.

Жиын барысында елордадан ат терлетіп келген Л.Н. Гумилев атындағы Еразиялық Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негімов те сөз алды. Профессор еліміздің ғана емес, әлемнің археологиясын дүр сілкіндіріп, тарихқа жаңа деректер әкелген Ботай қонысы жайлы әңгіме қозғады.

Серік Негімов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы
– Солтүстік өңірінде жылқының алғаш рет қолға үйретілгені белгілі болды. Бұл Париж музейінде де жазылып тұр.

Зерттей келе әлем тарихында Қызылжар өңірінің алар орны орасан деді филилогия ғылымдарының докторы Серік Негімов. Жиын барысында 1918 жылы Қызылжардың төрінде Алаш Орда басшыларының ұйымдастыруымен құрылтай өткені туралы айтылды. Бұл басқосу сол кезде Аққұсақ болысы – қазіргі Жамбыл ауданы Петровка ауылында өтіпті. Семинарға жиналған зерттеушілер, профессорлар келесі күні осы жаққа ат басын бұрды. Онда сол кездегі оқиғаны баяндайтын қойылым қойылды, ат жарысы ұйымдастырылды. Айта кетейік, құрылтай өткен тарихи орын бүгінде “Қазақстанның жалпыұлттық киелі жерлері” тізіміне енгізілді.


Дана Ешкенова