МТРА жаңалықтары

Ата-ана қандай болуы керек?

«Ата-ана – ұлттың ұясы». Осындай атаумен Оқушылар сарайында ата-аналарға арналып облыстық форум өтті. Бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстаз – ата-ана. Мейірімділік, әдептілік, адамгершілік пен еңбекқорлық қасиеттер балаға үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген халық даналығы бар. Алайда, қазіргі уақытта өз баласымен сырласып, ашық сөйлесе алмайтын әке-шешелер де бар дейді педагог әрі екі баланың анасы Меруерт Кирибаева.

МЕРУЕРТ КИРИБАЕВА, қала тұрғыны
–  Ата-ана деген бірінші өз баласын сүйіп, түсінуге тырысуы керек. Балаға нұсқаулықтар бермей оны бірге істеу қажет. Әр уақытта баламен ақылдасып, оның ойын біліп, болашаққа деген армандарына үлес қосуға тырысамын.

Іс-шараны Астана қаласынан келген «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері ұйымдастырып отыр. Бұған дейін осындай атаумен 13 форум өткізген екен. Бүгінгі жиынға 300-ге жуық ата-ана жиналды. Оның жартысы ауданнан келіп отыр. Бас қосуда ата-ана мәдениетін қалыптастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы жайында сөз қозғалды.

НҰРКЕН АСАНОВ, «Сенімен Болашақ» РҚБ құрылтайшысы, Астана қаласы
–  Қоғам неден құралады? Адамнан құралады. Адам қайдан бастау алады? Отбасыдан. Тәлім-тәрбиені де, ата-ананың мейірім-махаббатын да бала отбасыдан алады. Қазіргі таңда баланы қоғамға немесе ұстазға беріп қойдық. Ата-ана жауапкершілік алмайды. Бұл форумның басты негізі – ата-ананың санасын оятып, ойын оятып, жауапкершілігін арттыру.

Яғни, жанұядағы жанжал, баланың көзінше біреуді сөгу, өсек-ғайбат сөздер балаға теріс әсер беруі мүмкін. Сол себепті, балаға тәрбие берер алдында ата-ана өздерімен жұмыс істеуі қажет.

НҰРКЕН АСАНОВ, «Сенімен Болашақ» РҚБ құрылтайшысы, Астана қаласы
– Ата-аналар жаһандаған заманда көп нәрседен қалыс қалып қойдық . Жұмыстың соңында жүріп қалдық. Бала, отбасы екінші жағдайда қалып қалды. Осы мәселеге келгенде ата-аналар бір-бірінен игі жақсыға үйренуі қажет.

Шара соңында семинар-тренинг өтті. «Отбасылық тәрбие стилі және оның баланың дамуына әсері», «Жасөспірімдердің дағдарыстық жағдайларының алдын алу. Суицидтік мінез-құлық белгілері» және «Баланың әлеуметтік мінез-құлқы. Мектептегі қорқыту және оның алдын алу» деген тақырыптарда секциялық жиындар ұйымдастырылып, психолог мамандар ата-аналарға ақыл-кеңестерін берді.


Гульден Симбаева