МТРА жаңалықтары

Тимирязев ауданында жайылым жердің көлемі ұлғайды

 

Тимирязев ауданында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы орындалуда. Қазіргі таңда мұнда төрт түлік жайылатын жердің көлемі ұлғайтылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін агроқұрылым басшылары өз еріктерімен 3 мың гектардан астам аумақты мемлекет меншігіне қайтарыпты.

АЗАМАТ ҚАСЕНОВ, Тимирязев аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
– Ерікті түрде 3,4 мың гектарға тарта қайтарылды. Сонымен қатар, біз қазір пайдаланылмай жатқан жайылымдары қайтару бойынша тер төгіп жатырмыз. Осы күнге дейін жұмыс істемейтін 9 шаруашылық анықталды. Оларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Айта кетсек, ұйғарымдар жіберілді және салықтың көлемі 20 есеге ұлғайтылды.

Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдері жайылымдық жерлерге деген қажеттілікті азайту үшін шаруашылық басшыларымен меморандум жасасыпты.

АЗАМАТ ҚАСЕНОВ, Тимирязев аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
–  Жалпы көлемі шамамен 21,5 мың гектар болатын 48 құжатқа қол қойылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда.

Президент тапсырмасына сәйкес, жайылымдық жерлер мәжбүрлі түрде де алынады. Мұндай тәсіл Тимирязево және Ақсуат елді мекендерінде қолданылыпты. Нәтижесі белгілі. Алғашқы ауылда тұрғындарға 1 мың гектардан астам, ал екіншісінде шамамен 200 гектар жер берілген екен.


Данаш Хамзина