МТРА жаңалықтары

Табиғи ресурстар басқармасына – 75 жыл

Бұл – Айыртау ауданындағы “Орлиногор” орман шаруашылығы. 47-ші жылы құрылған ұйым аумағына қазіргі таңда Айыртау, Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарында орналасқан ормандар кіреді. Бүгінгі күні иеліктегі жердің жалпы көлемі 37,147 гектарды құрап отыр. Алғашқы жылдары шаруашылықта іске ат пен өгіз жегілген екен. Ал алғашқы техника мұнда 56 жылы ғана пайда болған. Қазіргі таңда автопаркте 20-ға тарта көлік бар. Жұмысшылар саны болса 55-ті құрайды. Биыл мамандар ауыз толтырып айтуға болатындай ауқымды шаруа атқарыпты.

ТИМОФЕЙ СЕМЁНОВ, “Орлиногор” орман шаруашылығы директорының орынбасары, Айыртау ауданы:
–  Биылғы жылы 98 гектар жерге ағаш отырғызу жоспарланған еді. Бұл шаруа толығымен орындалды. Барлығы 563 мыңнан астам қайың ағашы отырғызылды. Олардың жерге қаншалықты сіңгені көктемде белгілі болады.

Қызықты дерекпен бөлісейік. Егілген көшеттер осындай биіктікке дейін жетуі үшін шамамен 20-30 жыл уақыт керек. Шаруашылық келесі жылға да ауқымды жоспар құрып отыр. 2023-те мамандар 400 гектар жерге 2 млн 259 мың көшет отырғызбақ ниетте. Қазіргі таңда сол егілетін кішкентай дарақтар мекеме питомнигінде өсіріліп жатыр. Мұнда қайың және қарағай отырғызылған.

ТИМОФЕЙ СЕМЁНОВ, Орлиногор орман шаруашылығы директорының орынбасары, Айыртау ауданы:
– Питомниктің аумағы 17,3 гектарды құрайды. Қайың мен емен тұқымы күзде егіледі. Содан кейін көктемде суарылады. Кішкентай ағаштар 2 жылдан кейін ғана қазылып алынып, алқаптарға отырғызылады.

Шаруашылықтың екінші жұмыс бағыты – ормандағы қауіпсіздікті қадағалау.
Осы ретте қырағы қызметкерлер кезекшіліктерінің бірін Жамантаудың шыңында атқарады.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Қазір мен Жамантау тауының ең биігіне көтеріліп келемін. Мұндағы биіктік теңіз деңгейінен 365 метр. Бұл жерден 35-40 шақырым жерде орналасқан ауылдар анық көрінеді. Мамандар осы жерден ормандағы өрттерді анықтайды, айналадағы қауіпсіздікті күзетеді.

Кенжебай Жүсіпбеков тау басында таңның атысынан кештің батысына дейін кезекшілік атқарады. Осылай аптасына 2-3 рет көтеріледі. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп демекші біз Жамантау биігін 30 минутта бағындырдық. Ал 8 жыл ішінде әр тау-тасын бес саусағындай біліп алған Кенжебай Жүсіпбеков ұшар басына 10-15 минутта оңай мінеді екен.

КЕНЖЕБАЙ ЖҮСІПБЕКОВ, “Орлиногор” орман шаруашылығының күзетшісі, Айыртау ауданы:
– Осы жұмысым маған ұнайды. Таза ауа. Денсаулыққа пайдалы. Өртті қараймыз. Түтін көрсек астындағы мамандарға айтамыз. Олар астындағы мән-жайды қарайды. Кейін өрт шыққан орынға өрт сөндіруші көлік жеткізіледі. Бүгін тиыш. Биыл жақсы маусым болды. Ешқандай өрт орын алмады.
Елік, түлкі, қоян сынды жануарларды көремін. Бүгін бүркітті де көзім шалды.

Облыста “Орлиногор” орман шаруашылығымен қоса алғанда осындай 12 мекеме бар. Оның бәрі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарайды. Айта кетейік, аталған ведомствоға биыл 75 жыл толып отыр.


Алдияр Айтпаев