МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданындағы ауылдар көркейіп келеді

 

Жыл артқан сайын Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылына сән кіріп келеді. Қазір мұндағы көшелер рет-ретімен жөнделіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған 4,4 шақырымның 1,5 шақырымға жуығы қалыпқа келтіріліпті. Тындырылған шаруамен облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келіп танысты.

Интершум:
– Остальную работу на будущий год?
– Мы еще продолжаем.
– Если битум пробьём, 1 200 метров еще положим.

Битум болғанда жоспарланған шаруа биыл аяқталып, ауыл тұрғындары тақтайдай тегіс жолда жүрер еді. Құмар Ақсақаловтың пікірінше, бұл жерде мердігер жайбасарлық танытқан. Тереңнен ойлап, іске ерте қамданғанда, ақ түйенің қарны жарылар еді. Енді қырқына шыдаған ағайын қырық біріне шыдауы тиіс. Ең бастысы орын алған жағдай компания басшыларына сабақ болуы қажет. Есесіне биыл елді мекенде спорт алаңқайы ашылды. Зейніл ағамыз бен Үмітжан тәтеміз бос уақыттарын немерелерімен осында өткізеді. Жақында өздері де жаттығуды бастапты. Бір кездері алтыбақан тепкен теріскейліктер қазір мынандай тренажерлерде көз түйістіреді.

ЗЕЙНІЛ ТҰРХАНОВ, Прибрежное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Бұрын үйдің жанында жүретінбіз. Мұндай ештеңе болған жоқ. Қазір футбол алаңы да бар. Жолымыз бұрын нашар болды. Қазір тамаша.

Облыс әкімі спорт алаңқайына да келді. Алдымен ақсақалдарға сәлем беріп, амандық сұрасты.

Интершум:
– Таңертең осында келем.
– Жаттығу жасайсыз ба? Қимыл болу керек.
– Кешке қарай мында жарық жанып тұрады. Балалардың бәрі осында ойнайды. Тамаша.

Халық атқарылған жұмысқа дән риза. Құмар Ақсақалов ауыл тұрғындарын белсенді болуға шақырды. Ал әкімдер ашық, әділ әрі уәдеге берік болу қажет. “Айтылған сөз – атылған оқ” демекші, сертте тұрмау – атқамінердің абыройына сын.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Халыққа ашығын айту қажет. Алдаудың қажеті жоқ.

Әңгіме барысында облыс әкімі Прибрежное селосында амбулатория салу мәселесін қарастыруға уәде берді. Елді мекен таза болуы тиіс. Ауылдан кетер сәтте Құмар Ақсақалов аудан басшысы Жанат Сәдуақасовқа тазалыққа мән беруді тапсырды.

Келесі ауыл – Бәйтерек. Мұнда учаскелік инспектордың модульдік пункті ашылды.

БАҚЫТЖАН ТАШЕВА, Қызылжар ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
– Модуль построил компания “QAZ DAMU CONSTRUCTION”, город Алмата. Стоимость – 9 млн 990 тысяч тенге.

Учаскелік инспектор мен оның көмекшісі 7 ауылға жауапты. Олар таңы 9-дан кешкі 11-ге дейін осында болады. Биылдыққа қылмыс тіркелмепті. Алайда, 20-дан астам құқықбұзушылық орын алған.

БЕКБОЛАТ МҰРАТХАН, Қызылжар ауылдық округінің учаскелік инспекторы, Қызылжар ауданы:
– Жылдың басынан бері 25 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Басым бөлігі – малды қараусыз жіберу. Айыппұл салынды.

Аймақ басшысының сөзінше, учаскелік инспектор ауылда тұру қажет. Полицей елді мекен мен тұрғындарын 5 саусақтай білсе, ахуал тұрақты болады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ауылдың тұрғындарын жатқа білу керексіңдер. Кімнің қалай тұратынын, ауылға кімнің келгенін деген сияқты. Жағдайлары төмен отбасылар есепке қойылуы керек.

Учаскелік пунктің артында биыл ғана қолданысқа берілген заманауи спорт алаңқайы бар. Онда балалар футбол, баскетбол мен волейбол ойнайды, тренажерлерде жаттығады.

Тәні саудың – жаны сау! Адам салауатты өмір салтын ұстанса, ауру-сырқауды білмейді. “Мұндай алаңдарды облыста көптен салу қажет”,- дейді өңір жетекшісі.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бірінші кезекте аудан орталықтарында осындай алаңқайлар салынуы керек. Сосын ірі ауылдарда ашылуы керек. Бәйтерек – үлкен ауыл. Біраз адам тұрады.

Биыл Архангельское ауылдық округінде де оң өзгерістер орын алды. Мұнда қазір 2 мыңға тарта адам тұрады. Халық алдағы уақытта да ілкімді істердің куәсі болмақ. Бірақтар жобалар келесі жылы жүзеге асады.

ИРИНА РЫБАКОВА, Архангельское ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
– Новокаменка ауылының ішкі көшелерін орташа жөндеу және жарық шамдарын ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленді. Жоба құны – 150 млн теңге. Қазір дәл осындай құжат Архангельское ауылы үшін әзірленіп жатыр.

Жыл басында өңірімізде облыс әкімінің тапсырмасымен халық, әкімдік және агроқұрылым арасында меморандум жасалғаны мәлім. Архангельское ауылдық округінде 5 құжат қабылданыпты. Оларда көрсетілген шаруа 100 пайыз орындалған екен. Мәселен, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту бағында жұмыс орындары ашылған. Мұндай үрдіс қазір күллі өңір аумағында байқалады. Оған зейнетақы қорындағы сандар дәлел.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Өткен жылдың 8 айы ішінде зейнетақы қорына 230 адамның жарнасы аударылған. Ал биыл 243 мың адамның жарнасы аударылған. 13 мыңға артық.

Құмар Ақсақалов жұмыс сапары соңында сауда желісін кеңейткен Бескөлдегі “Саяхат” дүкеніне соғып, өзгеріспен танысты.


Байболат Култанов