МТРА жаңалықтары

Есіл ауданының даму қарқыны

 

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Есіл ауданында болды. Бірінші болып өңір жетекшісі Покровка ауылына ат басын бұрды. Түтіні түзу ұшқан елді мекенде биыл Мәдениет үйіне сән кірді. Мекемеге 40 млн теңгенің жөндеу жұмысы жүргізілді. Тозығы жеткен терезелер мен есіктер ауыстырылып, төбесі мен едені қайта салыныпты. Ауқымды істің нәтижесінде ғимаратта спортзал ашылып отыр. Қазір мұнда ұл-қыздар бокс және каратемен айналысуда.

МЕДЕТ ОСПАНОВ, Есіл ауданының әкімі:
– “Батыр боламын” қоғамдық бірлестігі республика көлемінде жұмыс істеуде. Біздің ауданға деп 5 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа залды толықтай жабдықтадық. Маттар, ұруға арналған қаптар мен манекендер алынды. Каратэден жаттықтыратын бапкер облыс орталығынан келеді.

Мәдениет үйінің акт залы да адам танымастай өзгерген. Сахна ауыстырылып, нысан іші жарық бола түскен. Жауапты іске жергілікті аграийлер де ат салысыпты. Қалталы азаматтар акт залын безендіру ісіне қаражат бөлген екен. Ауылдағы оң өзгеріске Сара Бекенешева дән риза. Айтуынша, Покровка жыл сайын көркейіп келеді.

САРА БЕКЕНЕШЕВА, Покровка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Балаларымыз бен немерелеріміз осы жерде шығармашылықпен айналыса алады. Ән айтып, би билеп, өздерінің қабілеттерін шыңдайды.

Мәдениет үйінің жөндеу жұмысына да, ауыл тұрғындарының өнеріне де өңір жетекшісі оң бағасын берді. Кейіннен облыс әкімі жергілікті ағайынды толғандырған мәселелерге құлақ түрді. Жергілікті жұртшылықтың ендігі арманы – көшелердің жөнделуі. .

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Өткен жылы алдағы 5 жылға арналған өңір дамуының кешенді жоспары әзірленді. Жыл сайын республикалық бюджеттен облысымызға қомақты қаражат бағытталады. Биылдың өзінде мемлекеттен 73 млрд теңге бөлінді. Ағымдағы жылы 46 елді мекенде ауылішілік жол салынуда. Сіздердің аудандарыңызда атқарылып жатқан ауқымды шаруалар да осы кешенді жоспар негізінде тындырылуда. Үйлеріңізге су тартылды, мектеп пен колледж жөнделді. Ауыл толығымен жарықтандырылды. Жол мәселесі де бір-екі жылда шешіледі.

Жалпы, соңғы 5 жыл ішінде Покровка ауылының дамуына 1 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталған екен. Бұл елді мекеннен кейін облыс әкімі Ильинкаға ат ізін салды. Құмар Ақсақалов облыстық маңызы бар жол аралығының жөнделу барысын бағамдады. Істі “Петропавл Жолдары” серіктестігінің мамандары жазда бастаған. Жалпы ұзындығы 17 шақырым болатын трассаның 7 шақырымына қараша айында асфальт төселеді. Қалған жұмыс келесі жылы аяқталады. Ильинкада атқарылып жатқан тағы бір ауқымды жоба ауыз суға қатысты. Өткен жылы ауылға су желісін тарту үшін облыстық бюджеттен 25 млн теңге бөлінген. Биыл 60 млн бағытталған.

МЕДЕТ ОСПАНОВ, Есіл ауданының әкімі:
–  Бұл ақшаға сыйымдылығы 250 текше метр болатын резервуарды қалыпқа келтірдік. Су мұнарасын орнаттық. Қазір ауылға су тарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 65 үй тіршілік көзіне қосылған. Жыл соңына дейін тағы 13 ауылға су тарту жөніндегі жоба дайындаймыз. Келесі жылы қаражат бөлінсе жұмысты бастап кетеміз.

Қазіргі таңда Ильинка ауылының тұрғындары ауылға жеткен тіршілік нәрін үйлеріне жарыса тартуда. Өз сапары барысында Құмар Ақсақалов баспаналарына су кіргізген жергілікті тұрғындардың бірімен тілдесті.

Ильинканы дамытуға жергілікті кәсіпкер Александр Бурлёв ат салысуда. “Ильинское” серіктестігінің директоры жұмысшыларының жалақысын жыл сайын көтереді. Сондай-ақ, жайлы әрі жылы баспана да тұрғызып беріп жатыр. Күні кеше ғана азамат Шанкиндер әулетіне су жаңа үйдің кілтін табыстаған.

АЛЕКСАНДР БУРЛЁВ, “Ильинское” ЖШС директоры, Есіл ауданы:
– Арман Шанкин жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Серіктестікте John Deere комбайнын да, тракторын да тізгіндейді. Биылғы орақ науқанында 2 мың тонна астық құлатты. Мұндай жандардың адал еңбегі елеусіз қалмауы керек.

Елім дейтін ер кішкентай жерлестеріне де жағдай жасауда. Биыл Александр Бурлёв мектеп маңынан ұл-қыздарға ойын-сауық кешенін салып берген. Бұл бағытқа азамат 100 млн теңгеден астам ақша жұмсаған.

БЛИЦ:
– Площадкамыз өте күшті. Бұл жерде футбол, волейбол, баскетбол ойнауға болады.
– Бұған дейін қызықсыз болған. Осындай ойнайтын жер салып бергені күшті болды.

Ауыл халқына қарайласқан Александр Бурлёв өз ісін де өрге домалатуда. Биылғы жылы серіктестіктің автопаркі жаңа техникамен толығыпты. Сондай-ақ, агроқұрылым аумағына 300 млн теңгеге астық сақтау қоймасы салынған.

Алдияр Айтпаев