МТРА жаңалықтары

“Аққайыңдар өлкесінің балы-2022” байқауы

 

Петропавлда алғаш рет “Аққайыңдар өлкесінің балы-2022” байқауы ұйымдастырылды. Іс-шара Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлау және сервис колледжінің базасында өтті. Байқауға қатысушыларды қолдауға аймақ басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов келді. Бүгінгі таңда облыста бір жарым мыңға жуық омарташы жұмыс істейді. Мамандар өз істерімен айналысып қана қоймай, жастарды да осы салаға тартуда. Нақтырақ айтқанда, жергілікті омарташылар қаладағы колледждерде осы сала бойынша сабақ та береді. Нәтижесінде қызықты бағытты қолға алғысы келген жастардың саны жылдан-жылға көбеюде.

НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, облыстық білім басқармасының басшысы:
– Бұл колледжде омарташылық саласын 43 жас меңгерді. Оның 39-ы жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, 11 адам өз ісін ашып, отбасылық бизнесін жалғастыруда. Колледж ұжымы облыстық омарташылар қауымдастығымен тығыз жұмыс істейді.

Бейінді қауымдастықтың төрағасы Олег Гаврилов жас омарташыларды оқыту үрдісі нәтижелі өтіп жатқандығын айтты. Осы маусымда іскер жан жастармен бірге 8 тоннаға жуық өнім жинаған.

 ОЛЕГ ГАВРИЛОВ, СҚО омарташылар қауымдастығының төрағасы:
– Біз студенттерді 4 жыл бойы оқытып келеміз. Олар біздің омартада тәжірибеден өтеді. Аққайыңдар өлкесінде ара шаруашылығын дамыту үшін жақсы жағдай жасалған. Біздің өңірде қарақұмық, күнбағыс көбірек егілетін болса, онда біз бал өндірісінде өзге аймақтарға қарағанда алда боламыз.

Тимур Бектасов – 2-ші курс студенті. Жас жігіт атасының жолын қуып, болашақта танымал омарташы болғысы келеді. Қазіргі таңда 2-ші курс студенті кәсіптік оқыту және сервис колледжінде омарташылықтың қыр-сырын меңгеруде.

ТИМУР БЕКТАСОВ, СҚ кәсіптік оқыту және сервис колледжінің студенті:
–  Мен ара шаруашылығымен айналысқым келеді. Өз кәсібімді 50 ара отбасынан бастасам деймін.

Жалпы, байқауда студенттер өндірістік тәжірибе кезінде жинаған өнімді жұртшылққа ұсынды.


Дана Ешкенова