Білім

Кітап мазмұнын білуден облыстық байқау өтіп жатыр

Петропалдағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте кітап оқудан облыстық байқау өтіп жатыр. Мұнда сайыскерлер жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген. Қатысып жатқандар – 3 пен 11-сынып оқушылары. Әр сыныпқа алдын ала танысып шығу үшін белгілі бір кітаптан беріліпті. Сол бойынша балалар тест сұрақтарына жауап беріп, эссе жазулары керек. Байқаудың бірінші кезеңіне 800-ден астам бала қатысты. Облыстық деңгейге 60-қа жуық ұл-қыз өтті. Оның 54-і ауданнан келіп отыр.

ДАРХАН АСҚАРҰЛЫ, қазақстандық қоғамдық даму институтының жетекші менеджері
– Балалар жас ерекшелігіне қарай 4 санатқа бөлінген. Екі-екі кітаптан алдын ала берілген. Олардың ішінде «Гулливердің саяхаттары», «Ағайынды Гримм ертегілері», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романының 1-ші томы. Барлығы – 8 кітап бар.

Қазанның 15-і – Халықаралық мектеп кітапханаларының күні.
Кітап арқылы өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шерте аламыз. Дана халқымыз «Білімнің бастауы – кітап» деген. Бұл сөздің жаны бар. Бала мектеп табалдырығын аттағанынан бастап оған оқулықтың құндылығын түсіндіру қажет дейді қалам тербеуге жаны жақын Сандуғаш Сағдатхан. Байқауға қатысушы қыз кітап оқығанды ұнатады.

САНДУҒАШ САҒДАТХАН – Мамлютка қаласындағы қазақ мектеп-интернатының оқушысы:
–  Кітаптарды оқу арқылы біз өзіміздің ойымызды нақты жеткізе аламыз. Мен 8-9 жасымнан бастап кітап оқуға қызықтым. Кітаптардың түрлі оқиғалары бар және оларды өмірмен салыстырып қай жерде қандай шешім қабылдау керектігін үйрене аламыз.

Айта кетейік, облыстық кезеңнен сүрінбей өткен 4 оқушы қараша айында ұйымдастырылатын республикалық байқауға қатысады.


Гульден Симбаева