МТРА жаңалықтары

“Қайырымдылық керуені” байқауына өтінім қабылдау басталды

Биыл елімізде 5-ші рет “Қайырымдылық керуені” республикалық байқауы өткізілмек. Игі іс-шараның басты мақсаты – ізгілікті насихаттау. Байқау жыл сайын Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан батыл, қамқор жандарды, меценаттар мен нағыз патриоттарды анықтайды. Конкурс талабы жас талғамайды. Сайысқа кіндік қаны тамған жердің дамуына үлес қосып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп және өзгелерді өздерінің игі ісімен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Жеңімпаздар биыл 7 номинация бойынша анықталады. Олар: “Асар”, “Туған жер”, “Батыл жүрек”, “Мейірім жолында”, “Қайырымдылық тарихы”, “Бала жүрегі” және “Жануарға мейірім”.

Вильдана Қожахметова, СҚО бойынша іскер әйелдер қауымдастығының басқарма мүшесі:
– Байқауға кәсіпкерлік субъектілері, қайырымдылық қызметі, мемлекеттік қолдаумен мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс алғандар қатыса алмайды.

Айта кетейік, байқауға қатысуға өтінімдер 2022 жылдың 30 желтоқсанына дейін қабылданады. Жеңімпаздар келесі жылдың сәуір айында анықталады.


Дана Ешкенова