МТРА жаңалықтары

Құс фабрикасы іске қосылды

 

Республика күніне орай Қызылжар ауданының Новокаменка ауылында құс фабрикасы іске қосылды. Соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын “ПТФ “Жаңа құс” серіктестігіне тиесілі. Жоба мемлекет қолдауы аясында жүзеге асты. Өндіріс ошағының тауарын қазір дүкен сөрелерінен табуға болады. Бағасы өзгелерінен төмен.

Интершум:
– Цена какая у вас?
– На сегодняшний день килограмм стоит 1100 тенге.
– А на рынке?
– На рынке от полторы, до 1800 тенге.

Құс фабрикасы 50 адамды еңбекпен қамтыды. Олардың әрқайсысы 170 мың теңгенің үстінде жалақы алады. Болашақта бұл жерде инкубатор ашу жоспарланып отыр. Демек, жұмысшылардың саны ұлғаяды.

РАДИЙ КӨШЕРБАЕВ, “ПТФ “Жаңа құс” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Фабрикада Новокаменка, Архангелька, Покровка ауылдарының тұрғындары еңбек етеді. Өзіміздің автобусымыз бар. Оның жүргізушісі таңертең адамдарды жұмысқа әкеліп, кешке үйлеріне жеткізеді. Мамандар үшін асхана да аштық. Жұмысшыларымызға шығаратын өнімдерді өзіндік бағамен сатамыз.

Фабрикадағы қанаттылар тек органикалық жем-азықпен қоректенеді. Нәтижесінде табиғи таза өнім алынады. Мұндай тауар бізге ауадай қажет. Сапалы құс еті талғампаз шетелдіктерге де ұнайды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз шетелдіктердің талаптары жоғары екенін білеміз. Бұған дейін біздің өнімді қабылдамау, қайтару фактісі тіркелмеді. Тиісті стандарттар сақталуы керек.

Жақында өнім елордада өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде саудаланыпты. Астаналықтарға құс еті ұнаған екен. Келесі күні бас қалаға екінші жүк көлігін жіберуге тура келген. Фабрика 1,7 млрд теңгеге тұрғызылып, іске қосылды. Бұл – биыл өңірдің агросекторында жоспарланған 31 жобаның бірі. Өндіріс ошағы ішкі қажеттілікті жабуға септеспек.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Жылына 8,5 мың тонна керек. Бүгінде бізде 2 мың тонна құс етін шығаратын 1 ғана фабрика бар. Енді екеу болмақ. 1,5 мың тонна құс етін шығаратын фабрика қосылып отыр. Тағы 2 фабрика салынып жатыр. Оларда 10 және 6 мың тонна ет өндірілетін болады.

Осылардың барлығын қоссақ, алдағы уақытта өңірде жылына 20 мың тоннаға жақын құс еті өндіріледі. Бұл ішкі нарықты өзіміздің өніммен 100 пайыз қамтуға және тауарды сыртқа саудалауға мүмкіндік бермек.


Байболат Култанов