Экология

Айыртауда экология саласындағы түйткілдер талқыланды

 

Солтүстікқазақстандықтар “Имантау-Шалқар” курорттық аймағымен мақтанады. Алайда, кей жайттар кеуде қағуға емес, төмен қарауға мәжбүрлейді. Ауасы жұпар, суы мөлдір, орманы қалың төңіректе тазалық мәселесі әлі шешілмей тұр. “СТРАТЕГИЯ” әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы” қоғамдық қоры өкілдерінің пікірінше, аумақтан қоқыс тұрақты түрде шығарылмайды.

МӘДИ ОМАРОВ, “СТРАТЕГИЯ” ӘСЗО” қоғамдық қорының сарапшысы:
– “Әсіресе, осы Имантауда жағдай мәз емес. Бұны біз арнайы сарапшылардың қатысуымен тұрғындар арасында жүргізген сауалнама кезінде білдік. Көзіміз жетті. Бұл төңіректе қоршаған ортаға аса қауіпті қоқыс алаңдары көп екен. Қалдықтар ауылдың айналасында ғана емес, ормандарда да шашылып жатыр”.

Экология департаменті бұл мәселеден хабардар. Жағдайды бақылауда ұстауға тырысады. Бұл ретте “Ғарыш сапары” ұлттық компаниясының көмегі зор. Аталған ұйым өкілдері биыл Айыртау ауданда 16 бірдей заңсыз қоқыс үйіндісін анықтапты. Бүгінгі күні олардың барлығы жойылған екен.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:
–  “Облысымызда 164 қоқыс үйіндісі анықталды. Жергілікті атқарушы органдардың күшімен 84 пайызы жойылды. Біз қадағалау жұмыстарын жиі жүргіземіз”.

Жұмыстар жиі жүргізілгенімен “СТРАТЕГИЯ” қоғамдық қорының өкілдері мәселеге қатты алаңдап отыр. Экологияға зор қауіп төнбей тұрғанда проблема біржола шешілуі қажет. Бұған жергілікті тұрғындар да құлшыныс танытуы тиіс.

ГҮЛМИРА ЕЛЕУОВА, “СТРАТЕГИЯ” ӘСЗО” қоғамдық қорының жетекшісі:
– “Өкінішке қарай, бұл жердегі тұрғындардың көпшілігі мәселені түсіне бермейді. Түсіну қажет. Қолды мезгілінен кеш сермесек, талайды таңқалдырар қоршаған ортаға қауіп төнеді. Біз бұған дейін Баянауылда болып, зерттеу жүргіздік. Ол жақтың адамдары өте белсенді. Мектеп оқушылары арасында арнайы конкурстар да өтеді. Міне, сондай жүйелі жұмыс Айыртауда да қолға алынуы керек. Сонда келушілердің қатары ұлғаяды, ал жағымсыз пікірлердің саны қысқарады”.

Дөңгелек үстелде туризм саласын дамыту жайлы да айтылды. Қазіргі таңда “Имантау-Шалқар” курорттық аймағында 30-дан астам база жұмыс істейді. Соның бірі Талғат Нешібаевқа тиесілі. Кәсіпкердің бұл салада тер төгіп жүргеніне 10 жылдан асыпты.

ТАЛҒАТ НЕШІБАЕВ, демалыс базасының директоры:
–  “Біз жылына 2 маусым жұмыс істейміз. Базамызда 5 үй мен 4 заманауи шатыр бар. Аумақты ұлттық парктен 49 жылға жалға алдық. Туризм саласын одан әрі дамытқымыз келеді. Келушілерге көңілім толады. Әлі қоқыс тастау жайты тіркелген жоқ”.

Айта кетейік, алдағы уақытта “Имантау-Шалқар” курорттық аймағы Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына өтеді.

Байболат Култанов