МТРА жаңалықтары

Ауылды көркейту

 

Тимирязев ауданындағы Дружба ауылында 260-тан астам адам тұрады.
Елді мекенді абаттандыруда жергілікті шаруа қожалықтарының көмегі көп.
Іскер азаматтар ауылға ескерткіш орнатқан. Бірлік пен келісімнің нышаны ретінде “Бәйтерек” монументінің шағын үлгісі де тұр. Сондай-ақ, ауылдағы әлеуметтік нысандарға су тартылған.

Қанат Иманжанов, Интернационал ауылдық округінің әкімі, Тимирязев ауданы:
– Соңғы жылдары таратушы желілерді жаңғырту бойынша ауқымды іс атқарылды.
5 шақырымы жөнделіп, 14 колонка қойылды. 30-дан астам үйдің тұрғындары суды үйлеріне дейін өткізіп алды. Сондай-ақ, мектеп пен стадионның қоршаулары ауыстырылды. Көрермендер отыратын орындықтарды жаңаладық. Келесі жылға құрып отырған жоспар ауқымды. Орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.

Ауыл тұрғындары міне мына жаңа медпунктке келіп қаралады. Нысан елді мекеннің орталығында орналасқан. Оның құрылысына кеткен қаржы шаруа қожалығынан бөлінген. Барлығы – 16 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Мұнда тиісті дәрі-дәрмек қоры бар, негізгі құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Гүлнәр Бексейітова 30 жыл бойы фельдшер болып жұмыс істейді. Жаңа жұмыс орнында еңбек еткен анағұрлым тиімді дейді.

Гүлнәр Бексейітова, Дружба ауылының фельдшері, Тимирязев ауданы:
– Науқастарды жаңа нысанда қабылдаған ыңғайлы. Бізге қан қысым көтеріліп кеткен тұрғындар келеді, патронаждық бақылау жүргіземіз, учаскеде 1 жасқа толмаған 60-тан астам бала бар. Жұмыс орның жанға жайлы болса жұмыс сапасы арта түседі.

Осы ретте ауылдағы ахуал жайлы тұрғындардың өздерінен сұрап білдік.

БЛИЦ
–  Ауыл түрленді, интернет пайда болды, су да, жол да бар. Балалар алаңқайын жасап берді, жаңа медпункт салынды.
–  Біз үшін ең бастысы, су өткізілді. Ауылда қаладағыға сай қарапайым болса да қандай да жағдайлар жасалып жатса неге тұрмасқа?!

Ауылда жайылым жеткілікті. Жақын маңда мал жаюға болатын 800 гектарға жуық жер бар. Ал аграрийлердің алқаптарымен қоса алғанда аумақ 7 мыңға жуықтайды.
Олардың біразымен мал жаю жөнінде келісім шарт жасалған. Округ әкімі туындаған түйткілді бірден шешуге тырысамыз дейді. Дәл қазіргі уақытта тұрғындарды мазалайтын бір мәселе бар. Ол жолға қатысты.

Қанат Иманжанов, Интернационал ауылдық округінің әкімі, Тимирязев ауданы:
–  Степное селосына апаратын аудандық маңыздағы жолға орташа жөндеу қажет.
Біз оған 2 жыл бұрын қиыршық тас төсеген болатынбыз. Енді мемлекеттен асфальт төсеуді сұрап отырмыз. Жобалық-сметалық құжаттамасы бар, тек бір сараптама жүргізу керек. Оны биыл аяқтаймыз.

Ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында алдағы уақытта жол жөндеу бойынша 3 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Евгений Худяков, Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары:
–  Екі жол аудандық маңыздағы, біреуі Мичуриноға апаратын ауыларалық болып саналады. Аталған елді мекенде 3 көше жөнделеді. Ондағы жұмыстың тең жартысы тындырылды. Элеваторға қарай жатқан жолды жөндеуші – «Сана-Торг» серіктестігі.
Негізгі жұмыстары атқарылды, битумның жеткізілуін күтіп жүрміз. Содан кейін асфальты төселеді. Бұрын жолдың жағдайы тіпті мүшкіл еді, не жеңіл көлікпен де, не жүк көлігімен өту мүмкін болмайтын.

Аудандық маңыздағы автожолды орташа жөндеуге 86 млн теңге жұмсалған. Қазан айының соңына дейін мұнда тағы 3 шақырымы қалыпқа келітіріледі.


Данаш Хамзина