МТРА жаңалықтары

Тимирязев ауданында тозған су мұнаралары қалыпқа келтіріліп жатыр

 

Тимирязев ауданында өткен жылдан бері ауқымды жоба іске асырылып жатыр. “Жол картасы” бағдарламасы аясында 9 елді мекеннің тозған су мұнаралары ауыстырылуда. Бірінші болып ақ түйенің қарны Дмитриевка селосында жарылды. Ауылдағы ағайынның үйіне таза ауыз су беріліп отыр.

МАРАТ МАСТАЕВ, жоба жетекшісі:
– Басқа ауылдарда да жұмыс бітіп тұр. Бізде үйлерге су қосу қарастырылмаған. Ол қызметті біз сатып алып жатырмыз. Ауылдарға суды толық қосып береміз. Қазіргі таңда жұмыстар 80%-ға атқарылды. Енді асфальттау жұмысы қалып отыр.

Тимирязев ауданындағы ауқымды іске 1 млрд 111 млн теңге ақша бағытталған. Учаскелерде 25 адам еңбек етуде. Оң өзгеріс Дружба ауылында да орын алмақ. Бұған дейін тұрғындардың дені суды мұнарадан тасыған. Ал қазір сол ағайын тіршілік нәрі үйімізге кіреді деп қуануда.

БЛИЦ:
–  Енді суды әркім өз үйінен алады. Мұнараға барудың қажеті жоқ.
– Міне, құдықтан су жүріп тұр. Қысым да жақсы. Ескі мұнара болған кезде су бір беріліп, бір тоқтайтын.

Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Айта кетейік, бұл шаруаның нәтижесінде Тимирязев ауданының 4 мыңға тарта тұрғыны таза ауыз сумен қамтылады.


Алдияр Айтпаев