МТРА жаңалықтары

Дмитрий Малахов жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов күннің екінші жартысында жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Жиын барысында бизнестегі бармақ басты, көз қыстылық тыю мәселелері талқыланды.

Алдымен жергілікті бейінді қызмет басшысы Сергей Перов облыстағы жағдайға тоқталып өтті. Ағымдағы жылдың 8 айында департамент мамандары шағын және орта бизнеске заңсыз араласудың 3 фактісін анықтаған. Аталған жайттардың біріне кеңірек тоқталып өтейік. Белгілі болғандай, көліктік бақылау инспекциясының екі бірдей маманы “КоммунСтройСервис” серіктестігінің директорынан ақша алмақ болған. Көлденең жолмен көк тиын тапақ болғандар жүк автокөлік құралдарының кедергісіз жүріп-тұруы үшін 100 мың теңге пара талап еткен.

Сергей Перов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Осы жылдың сәуірінде Петропавл қалалық сотының үкімімен екі парақоршыға да 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Осы ретте атап өткім келеді, бармақ басты, көз қысты әрекетке барған әр адам жауапқа тартылады. Сондықтан, барлығымыз сыбайлас жем­қорлыққа жол бермей, онымен күресуіміз қажет.

Табысты бизнес – елдің тірегі. Сондықтан, мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау. Бұл іске “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы жауапты. Отырыста жергілікті кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев өңірдегі бизнесті сыбайлас жемқорлықтан қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

ТИМУР БЕКЕЕВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры
– Ағымдағы жылы өңiрлiк кәсiпкерлер палатасының атына бизнесті қорғау желісі бойынша 102 өтініш келіп түсті. Қорғалған мүліктік құқықтардың қаржылай көлемі 103 млн теңгеден асты. Мәселен, ағымдағы жылы 80 млн теңгеден астам сомаға “Kyzylzhar buses” серіктестігінің пайдасына берешекті өтеуге жәрдем көрсетілді.

Тимур Бекеевтің сөзінше, облыс кәсіпкерлері жер және салық қатынастары саласындағы мәселелер бойынша жиі жүгінеді. Ауыл шаруашылығы, сондай-ақ, сатып алу саласындағы мәселелер де өзекті. Осы ретте Дмитрий Малахов та Сыбайлас жем­­­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігінің өкілдері “Атамекен” палатасымен жұ­мысты барынша жүйелеп, қа­рым-қатынасты нығайта түседі деді.

ДМИТРИЙ МАЛАХОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
– Алдағы уақытта әр өңірде кәсіпкерлермен кездесу алаңдары құрылмақ. Онда бизнесмендерді толғандыратын нақты мәселелер талқыланады. Іскер жандар ойларын және шағымдарын ашық жеткізе алады. Бұл кездесулер үнемі өткізіліп тұрады.

Бизнесмендер тарапынан келіп түскен шағымдар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өңірлік картасына енгізілетін болады.


Дана Ешкенова