МТРА жаңалықтары

Петропавлда көпқабатты 46 үйдің құрылысы жүріп жатыр

 

Облыс орталығында салынып жатқан 46 үйдің 22-сі – бюджеттік, 24-і коммерциялық болып саналады. Әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан “Орталық” ықшам ауданындағы ипотекалық үйлерге қатысты сұрақтар туындап жатқан көрінеді.
Яғни, тиісті байқау Отбасы банкі арқылы 3 ай бұрын өткізіліпті. Сол кезде анықталған пәтер иелері енді жаңа қоныстарына көшуге асық. Қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин баспаналар инженерлік-коммуникациялық желілері толығымен өткізіліп болған соң ғана қолданысқа тапсырылады деді.

Асқар Хабибулин, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
– Орталық ықшам ауданында 7 баспана тұрғызылып жатыр. 3-еуінің құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда нысандарға инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Шаруаға «Энерджи Тараз» серіктестігі жауапты. Мердігермен келісімшарт 2021 жылдың шілде айында жасалды. Жоба құны 397,8 млн теңгені құрайды. 2021-2022 жыл аралығында 133,4 млн теңге игерілді. Қараша айына дейін шаруа толық аяқталады деп жоспарланған.

Негізі, нысандарда жылу желілері – 90 пайызға, ал су құбырлары 70 пайызға әзір тұр.
Үйлер кәріз жүйесіне қосылған. Инженерлік желілер толық біржақты етілгеннен кейін ауланы абаттандыру жұмыстары басталмақ. 7 үйдің үшеуі желтоқсан айында тапсырылуы тиіс. Қалғаны келесі жылға қалдырылып отыр.
Осындай мәселе Уәлиханов көшесіндегі 72 пәтерлі үйге де қатысты туындап отыр.
Түйткілді Асқар Хабибулин түсіндіріп өтті.

 Асқар Хабибулин, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
– Бүгінде Уәлиханов көшесі, 1/6 мекен жайында орналасқан баспана иелері Отбасы банкіндегі конкурс арқылы анықталды. Алайда, бұл үйге инженерлік-коммуникациялық желілер толық тартылмаған. Сондықтан, пәтер кілттері қожайындарына тұрғын үй қолданысқа толық дайын болғанда табысталады. Желтоқсан айының ортасына қарай қоныс тойын тойлайды деп жоспарланған. Құжаттарды тапсырып, сараптамадан өтуі тиіс.

Атап өту қажет, үйлер қолданысқа тапсырылған соң, тұрғындар міндетті түрде мүлік иелері бірлестігіне тіркеліп, жеке шот ашулары тиіс. Себебі, жеке шотсыз баспананы коммуналдық қызметтерде тіркеу мүмкін емес.


Дана Ешкенова