МТРА жаңалықтары

Есігіне қара құлып салынған элеватор қайта ашылды

 

Биыл Тимирязев ауданында 250 мың гектар жерге дән сіңірілді. Қазіргі таңда арпа-бидай толығымен алынып, майлы дақылдар жиналуда. Көл-көсір өнім жалпы сыйымдылығы 300 мың тонна болатын 4 элеваторға жиналмақ. Қамбалардың бірі Ақсуат ауылында орналасқан. Сыйымдылығы 78 мың тонна болатын нысанға әзірге 13 мың тонна өнім жеткізіліпті. Айта кетейік, бұл серіктестік екі жыл бойы қаржылық құрдымда болған екен. Бір жарым ай бұрын жаңа инвесторлар келіп, элеватор жұмысына қайта қан жүгіртіпті.

АНДРЕЙ СТЕПАНОВ, «Астық Орда Север» ЖШС директоры, Тимирязев ауданы:
–  Нысан қаңырап бос қалды. Күрделі жөндеу қажет болды. Ауқымды жұмыс атқардық. Жолақтар, қозғалтқыштары ауыстырылып, темір жол таразылары орнатылды. Қазір екінші бөлімді қалыпқа келтірудеміз. Қараша айында ол жерде майлы дақыл қабылдауды жоспарлап отырмыз. Барлық шаруа “Сейнар” компаниясының қаржысына атқарылуда.

Есігіне қара құлып салынған серіктестік жұмысына қайта қан жүгіртуге мемлекет те жәрдемдескен екен.

СЕЙІТЖАН ҚҰСАЙЫНОВ, Тимирязев аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:
– Серіктестікпен тығыз қарым-қатынастамыз. Егінді кептіру үшін жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай ұсынамыз. Элеватор басшылығы бір кездері жақын маңдағы ауылдарға жақсы қолдау көрсетті. Серіктестік басшылығымен мемлекеттік бағдарламаларды талқыладық. Несие алуға болатын аграрлық несие корпорациясы бар.

Банкротқа ұшырамас бұрын серіктестікте жақын мандағы елді-мекен тұрғындары еңбек еткен. Ал қаржылық құлдырау басталған кезде көп адамдар жұмыстарынан айрылып қалыпты. Нәпақасынан Марина Кленова да қағылып қалған. Бірақ араға екі жыл салып үйреншікті жұмысына қайта оралып отыр.

МАРИНА КЛЕНОВА, элеватор технологы, Тимирязев ауданы:
– Жұмысынан айрылған жандар енді қайтып күн көретіндіктерін білмеді. Ауыл кішкентай, тұрғындардың дені осы жерде еңбек етті. Былай боларын ешкім күтпеді. Қуанышымызға орай элеватор қайта ашылып отыр. Бұл жерде барлық олқылықтар тез арада жойылады. Жалақы да уақытылы беріледі.

Әзірге, бұл жерде 45 адам еңбек етуде. Алдағы уақытта серіктестік басшылығы тағы 5 адамды жұмыспен қамтымақ ниетте.

Алдияр Айтпаев