МТРА жаңалықтары

«COOL INFINITY» серіктестігінде қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр

Бұл – Петропавл ауыр машина жасау зауыты цехтарының бірі. Біраз уақыттан бері сиқы кетіп, қаңырап бос тұрғын нысан алдағы уақытта өзгермек. Ғимаратты «COOL INFINITY» серіктестігінің басшылығы сатып алып, қалыпқа келтіріп жатыр.
Бүгіндері шатырын жауып үлгерген. Оған 300 млн теңге жұмсапты. Енді цехтің ішін жөндемекші. Бұл жерде металл өңдейтін станоктар орнатылмақ.

МИХАИЛ ТЕРЕХОВ – «COOL INFINITY» ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ 
– Біз Петропавл ауыр машина жасау зауытымен бірлесіп вагондар жасаймыз. Олар кәсіпорнымызға қажетті бөлшектерді дайындайды. Ал біз оны құрыстырып, дайын өнім қылып шығарамыз. Өйткені, өзімізде қондырғылар жоқ. Сондықтан, осы қалыпқа келтіру шараларының нәтижесінде жаңа станоктар алып, өндіріс көлемін арттырмақшымыз. Сөйтіп, жылына 1200 вагон жасайтындай мүмкіндік туады”.

Яғни, қалыпқа келтіру шаралары аяқталған соң, кәсіпорын Петропавл ауыр машина жасау зауытына алақан жаймай, өздігінен жұмыс істейтін болады. Өткен жылы мұнда 140, ал биыл 150 вагон жасап шығару жоспарда бар.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
–  “Бұл – өте маңызды жоба. Өйткені, ол – жаңа жұмыс орындары, инвестиция. Тағы зауыттың істеп жатқан өнімі – вагон өте қажет. Тек Қазақстанда ғана емес, көрші елдерге де қажет болып тұр. Қазір Әзірбайжаннан 50 вагонға үлкен тапсырыс түсті. Ресейден де тапсырыстар аз емес. Былтыр зауыттың төлеген салығы 130 млн теңге болса, биылғы жылы 150 млн теңге салық түседі деген жоспар бар”.

Кәсіпорын «Масло-Дел» серіктестігінің де тапсырысын орындап жатыр. Аталған кәсіпорын өкілдері бүгін 130 вагонның соңғысын алып кетпекші.

 ҚАНАТ НҰРПЕЙІСОВ – «МАСЛО-ДЕЛ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
– “Бізге вагондары ұнады. Мамандарымыз келіп қарап, сосын барып қана қабылдаймыз. Ешқандай олқылық анықталған емес. Термос-вагондармен өнімдерді тасымалдау ыңғайлы. Сапасы жақсы”.

Жалпы, кәсіпорын қалыпқа келтіру шараларына 12 млрд теңгеден астам қаржы жұмсамақшы. Оның 2,9 млрд теңгесі өз қаржылары болса, қалған 9,2 млрд теңгені өнеркәсіп қоры бермек.


Алтынай Казиканова