МТРА жаңалықтары

“Табиғатта қоқыс жоқ” акциясы

Шылым тұқылы, бос бөтелкелер, тамақтан қалған қағаздар. Қала тұрғындары табиғат аясына шығып демалып, серуендеп қайтқанды жақсы көреді. Әсіресе, Пестрое көлінің жағасында кешкілікте таза ауамен демалып жүретіндер көп. Бірақ, демалушылардың басым бөлігі өздерінің соңынан қалдықтарын жинау керектігін ескермей жатады. Салдарынан әр жерде қоқыс жатады. Қалдықтар тек сенбіліктер мен экоакциялар кезінде ғана жиналады.

Әсия Есімсейітова, Есіл бассейндік инспекциясы Солтүстік Қазақстан аумақтық бөлімінің басшысы:
– Жылына бірнеше рет болады осындай акция. Қоқыс азаяр емес. Демалуға келгендер өздерінің қоқыстарын қалдырып кетеді.

Қоршаған ортаға құрметпен қарау – әр адамның парызы. Мұны өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен болатын. Президенттің бастамасымен қолға алынған “Табиғатта қоқыс жоқ!” акциясы қазанның 8-і күні бүкіл республика көлемінде ұйымдастырылды. Шарапаты мол іс-шара облыс орталығының бірнеше ауданында өтті.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО экология департаментінің басшысы:
– Экологиялық акцияға біздің департаменттің өкілдері, мемлекеттік қызметшілер бір кісідей ат салысуда. Іс-шара көбіне адамдар көп шоғырланатын жерлерде өтуде.

Жалпы, сенбі күні өткен “Табиғатта қоқыс жоқ” экоакциясына 3,5 мың солтүстікқазақстандық ат салысқан. Белсенді жандар 230 тонна қоқыс жинап, 190 гектар жерді қалдықтан тазартты.


Дана Ешкенова