ТЖ

Соңғы аптада өңірде 11 өрт оқиғасы тіркелді

Соңғы аптада өңірде 11 өрт оқиғасы тіркелді. Оның екеуі облыс орталығында болған. Соңғы өрт оқиғасы Петропавлда сенбі күні тіркелді. От Кәрім Сүтішев көшесі, 17 мекен жайында орналасқан 9 қабатты үйдің шатырында бас көтерген. Құтқарушылар апат орнына небәрі 3 минуттың ішінде жетті. Шатырға көтерілген мамандар битумның жанып жатқанын көрген. Қызыл жалын 4 шаршы метр аумақты шарпыған. Оны сөндіруге 21 адам мен 7 бірлік техника жұмылдырылды. Тұрғын үйден 50 адам эвакуацияланды. Оның 20-сы – бала. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Оттың шығу себебі – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу. Белгілі болғандай ғимараттың төбесінде газ оттығын пайдаланып шатырды ауыстыру жұмыстары жүргізілген.

Николай Белоусов, СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары:
– Жалпы, жыл басталғалы өңірде 533 өрт оқиғасы тіркелді. Қызыл жалынның салдарынан 33 адам көз жұмды. Ал материалдық шығын көлемі 357 млн теңгеден асып жығылады. Оқыс оқиғалардың дені, яғни 75 пайызы жеке секторға тиесілі.


Дана Ешкенова