Спорт

Өңірде ат жарысы маусымы жабылды

Солтүстік Қазақстан облысында ат жарысы маусымы салтанатты түрде жабылды. Дәстүрлі шараға жиылған қауымды аймақ басшысының орынбасары Дәурен Жандарбек құттықтап, өңірімізде ұлттық спортқа ерекше мән берілетінін айтты.

ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, СҚО әкімінің орынбасары:
– Көкпардан өтетін республикалық жарыстарға командамыз қатысып тұрады.

Жабылу салтанатының шымылдығын “Ұшқыр бәйге” ашты. Ұзындығы – 1600 метр. Мұнда жирен тұлпарды тізгіндеген айыртаулық Дмитрий Волков топ жарды.

ДМИТРИЙ ВОЛКОВ, шабандоз:
– Бәйге ойдағыдай өтті. 3 жастағы бұл атты биылдыққа екінші рет топқа қосып отырмыз. Бұған дейін Павлодарда төртінші орын алған еді. Осы жолы жақсылап жаратып әкелдік. Артқан сенімді ақтады.

2 жастағы желісті аттардың жарысы мерекенін сәнін келтірді. Аузымен құс тістеген жүйріктердің екеуі ерекшеленді. Олардың шабандоздары мәре сызығына дейін тартысқа түсті. Мұндайды күнде көре бермейтін көрермен дән риза.

ОЛЬГА ПАТОШКИНА, бас төреші:
– Жабылу салтанатына 9 сайыс әзірледік. 15 шақырымды құрайтын “Аламан бәйге” ең соңында болады. Бүгін 40-тан астам ат әкелінді. Олардың арасында Астанадан жеткізілген тұлпарлар да бар.

Кіл жүйріктердің жарысында “Қызу қуу” мен “Жамбы ату” да көрермен назарына ұсынылды. Жеңімпаздар кубок, медаль, грамота және ақшалай жүлдемен марапатталды.


Байболат Култанов