Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі “Қара қыз” көркем фильмінің түсірілім алаңында болды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Қара қыз” көркем фильмінің түсірілім алаңында болды. Бұл туынды екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан сыр шертпек. Басты кейіпкерлер – Асқарбек пен Алмагүл. Ал режиссер – елімізге танымал өнер иесі Талғат Теменов.

ТАЛҒАТ ТЕМЕНОВ, режиссер:
–  Біз соғысты ғана емес, адамгершілікті, достықты, махаббатты көрсетеміз. Басты кейіпкеріміз – қара қыз. Кинооператор болған қыз махаббаты үшін майданға келеді. Фильмге жаңа таланттар түсіп жатыр.

Теріскей таланттарды тоғыстырды. Асқарбек пен Алмагүл бір-бірін құлай сүйеді. Махаббат атты ұлы сезім аруды ғашығы толарсақтан саз, тізеден су кешкен майданнан бірақ шығарады. Ол оқтан да, оттан да қаймықпайды.

Алмагүлді сомдайтын Нұрай Сақтапованың рөлге барынша енуге тырысып жатқанын байқауға болады. Ол “ауыр” кадрлардың бірінде көзіне жас алуы тиіс. Актриса еріксіз жылады. Жасын “снято” деген хабардан соң да тыя алмады. Бұл ақтаулық арудың алғашқы жобасы екен.

НҰРАЙ САҚТАПОВА, актриса:
–  Бұрын кино әлеміне қызықпағам. Кастингке шақырды. Өттім. Өзім Алматыда оқимын. Мамандығым – дизайнер.

Фильмнің жаңағы бөлігі камерадан облыс әкіміне көрсетілді. Талғат Теменов барлығын байқап тұр. Өнер саласының жілігіне шағып, майын ішкен режиссер актерлердің бірін мақтап та алды.

Өртенген ғимарат, түтін басқан аумақ, әскери киім киген жігіттер. Бұл жерге келген кез келген адам өзін майданда жүргендей сезінеді.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
–  Бұл жақта бәрі шынайы. Қолымызда мынандай мылтық. Ескі үлгідегі қару. Ана жақта және осы жерде окоп қазылған. Ұзындығы бірнеше метрді құрайды. Тереңдігі де дәл сондай. Режиссерлер кинофильм әсерлі шығуы үшін осындай қадамға барған екен.

Фильм бір жерде ғана емес, өңірдің бірнеше жерінде түсіріледі. Облыстың табиғаты Талғат Теменовті тәнті етіпті. Режиссер ағынан жарылды.

ТАЛҒАТ ТЕМЕНОВ, режиссер:
– Бұл – Украина, Белоруссиядағы соғыс. Қызылжардың табиғаты тамаша. Мен мұндай жерді көрген емеспін. Сондықтан, біз осы жерді таңдадық.

Өз кезегінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов маңызды жобаға өңірімізді кіріктерген Талғат Теменовке алғысын білдірді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қуантатын жайт. Біздің облысымызды насихаттау керек. Сіздер насихаттап жатырсыздар. Осы үшін алғысымды білдіремін. Қызылжар жерінде осындай жобалар көп орындалатын болсын!

Әңгіме барысында Құмар Ақсақалов қазір өңірімізде өнер саласына көп көңіл бөлініп жатқандығын айтты. Бұған облысымызда соңғы жылдың өзінде бірнеше фильмнің түсірілуі дәлел.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Біздің облысымыз шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға да тартымды бола бастады. Бұл – соңғы жылда түсірілім жатқан 3-ші фильм. Бұған дейін Мағжан Жұмабаев туралы фильм түсірілді.

Дәстүр жалғасын тапты. Режиссер Құмар Ақсақаловқа фильмнің атауы жазылған тәрелкені табыс етті.

Кездесу соңында Талғат Теменов өңір жастарымен тілдесіп, ақыл-кеңес берді. Өңірімізде “Қара қыз” көркем фильмінің түсірілімі қазанның 14-ші жұлдызына дейін жалғасады. Кейін ұжым Алматы облысына аттанып, түсірілімді жалғастырмақ. Жоспар бойынша туынды келесі жылы көрерменге жол тартады.


Байболат Култанов