Ауыл шаруашылығы

Елордада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Тұрғындардың көптігінен ине шаншар жер жоқ. Сенбінің таңында Астанада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Дәстүрлі шараға солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер де қатысып, өз тауарларын төмен бағамен ұсынды. Мәселен, қырыққабаттың келісі – 90, сәбіз – 100, картоп 110 теңгеден. Ал сүт – 300, айран – 315, жұмыртқаның 10 данасы 350-ден сатылды.

БИБІГҮЛ ЕРМЕКБАЙ, Покровка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:
– Ауылшаруашылық жәрмеңкеге жыл сайын ат салысамыз. Бұл жолы 3 тонна картоп, тура осынша сәбіз, 6 тонна қырыққабат алып келдік. Бағалары дәл былтырғыдай, өзгерткен жоқпыз. Адамдар келіп, қаптап әкетіп жатыр.

Құнарлы жерде пісіп-жетілген өнімдерге сұраныс жоғары. Мәселен, Тайынша ауданынан жеткізілген бірнеше тонна қызылшадан бір екі сағаттың ішінде түк қалмапты. Біздің жақтың сүт өнімдеріне қызығушылық танытып, алып жатқандардың да қарасы қалың. Айта кетсек, жәрмеңкеде ірімшік – 700, үйдің қаймағы – 1300, сары май 3500-4000 теңгеден сатылды. Елордалық Болатқазы Нұржанов Булаевтың сары майын алу үшін арнайы келгенін айтады.

БОЛАТҚАЗЫ НҰРЖАНОВ, Астана қаласының тұрғыны:
–  Солтүстік Қазақстанның сүт өнімдері, көкөністері арзан. Разымыз, әкімшілік тарапына. Кәсіпкерлерге алғысымызды айтамыз. Бағалары 10-15 пайызға төмен екені байқалады. Өте жақсы.

Шынымен, сатылымға шығарылған өнімдердің бағалары нарықтағыға қарағанда әлдеқайда төмен. Солтүстіктен жеткізілген жылқы етінің килограмы – 2800, сиырдыкі – 2300, қойдың келісі 2200-ден саудаланды. Қазы мен жаяның бағасы – 3000 теңге. Үйрек – 2000, қаздың келісі – 2500 теңге. Жалпы, теріскейлік тауар өндірушілер Астана төрінде қаз-қатар тізілген шатырлардың біразын толтырған. Елордалықтар тарапынан аққайыңдық шұжық өнімдеріне сұраныс жоғары.

СВЕТЛАНА МЕДЕННИКОВА, шұжық өнімдерін өндіру зауытының директоры, Аққайың ауданы:
– Тауарымызға қызығып келушілер көп. Тұрғындар, негізінен, сиыр етінен дайындалған шұжықты сұрап жатыр. Жәрмеңкеге ешқандай қоспасыз, таза сиыр етінен жасалған тауарларды әкелдік. Жалпы, мұндай шараға бірнеше жыл қатарынан қатысып жүрміз. Сол себепті, кімнің не алғысы келетінін жақсы білеміз. Осы жолы тұтынушылардың сұранысын ескеріп, олар қалаған шұжықтың түр-түрін әкелдік.

Шал ақын ауданынан жеткізілген денсаулыққа пайдалы, сапалы бал да қас-қағым сәтте сатылды. Бір сағат ішінде астаналықтар өнімнің 20 келісін дорбаларына салып әкеткен. Омарташылықпен Костылев отбасы әуестенеді.

СТЕПАН КОСТЫЛЕВ, «Костылев» ЖК директоры, Шал ақын ауданы:
–  Балдың келісін 2500-нан сатудамыз. Айта кетсем, біздің омартамыз көшпелі. Алқаптан алқапқа ауысып, өнім жинаймыз. 50 ара отбасы бар. Ауа райына байланысты бір-біреуі 50-ден 100 келіге дейін бал береді. Құшақ жайып қарсы алған астаналықтарға алғысымды айтқым келеді.

Сауда нүктелерінің алдында бір бос орын жоқ. Бірі ет, кейбірі көкөніс пен жеміс-жидек түрлерінен алуға асық. Қосшы қаласының тұрғыны Рауза Ерғалина осы шара арқылы қысқа дайындалып, тоңазытқышын дәруменге бай өнімдермен толтырмақшы.

РАУЗА ЕРҒАЛИНА, Қосшы қаласының тұрғыны, Ақмола облысы
– Картоп, капуста, бал – барлығын осы жерден аламыз. Өте қуанышытымыз. Тауар дайындаушылардың еңбектері жансын, оңай шаруа емес.

Жалпы, жәрмеңкеге Петропавл қаласы мен облыстың 13 ауданы қатысты. Саудаға 100-ден астам аталымнан тұратын 1000 тонна өнім әкелінді. Оның барлығы ала жаздай солтүстік өлкеде пісіп-жетілген.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
–  Солтүстік Қазақстанда астық жинау науқаны аяқталды. 4,6 млн тоннаға жуық өнім жинадық. Гектарына 15 центнерден шықты. Майлы дақылдар әлі алынуда, жақында аяқтаймыз. Күзгі жиын-терім жұмыстарына мемлекет тарапынан үлкен қолдау берілуде.

Қоса кетсек, жәрмеңке 2 күнге жалғасты. Солтүстіктен 110 тонна ұн мен 15 тонна балық та жеткізілген.


Алтынай Казиканова