МТРА жаңалықтары

Шаховскоеға кіреберіс жолды жөндеуге 850 млн теңге бөлінеді

 

Қызылжар ауданындағы Шаховское ауылына кіреберіс жолдың әбден тас-талқаны шыққан. Ауа райы бұзылса, жағдай одан сайын ушығады дейді тұрғындар. Яғни, ой-шұңқырға су толып, жүрісті қиындатады. Қысқасы, елді мекенге бет алған жүргізушілер біраз машақат көреді. Айтуларынша, осы себептен көліктері де сан мәрте бұзылған.

ЕРМЕК ӘУБӘКІРОВ, Шаховское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Мынадай жолдардан автомобильдеріміз жиі сынады. Бір жазда негізгі бөлшектерін екі рет ауыстырып отырамыз. Оған бірталай қаржы кетеді. Қазір темір тұлпарлардың бөлшектері де қымбат тұратынын білесіздер. Бұл жолдар соңғы рет 86-шы жылы жөнделген. 10 жыл бойы осындай нашар жағдайда тұр.

Ауылдықтар жол сапасының жарамсыз күйге түсуіне ауыр көліктерді кінәлап отыр. Бірнеше тонналық жүк таситын машиналар ерсілі-қарсылы өтіп, жерді езіп тастапты. Отынды күнделікті қалаға апарып отыратын жүргізушілер аз емес екен.

СӘУЛЕ ӘУБӘКІРОВА, Шаховское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Жолдың сапасы нашар болғаны соншалық, бұл жаққа автобус та жүрмейді. Студенттер оқуларына, одан үлкендері Петропавлдағы жұмыстарына жете алмай әлек. Ауруханаға жету қиынның қиыны. Қалаға бару үшін көлік жалдау қымбатқа түседі. Тиіп тұрған жерге – шамамен 5 мың теңге.

Әйтеуір, биыл тұрғындардың мазасын қашырған жолды ретке келтіру жұмыстары қолға алынды. Ең проблемалық учаске күрделі жөндеуден өтпек.

ДӘУРЕН РАМАЗАНОВ, Прибрежное ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
– Биыл облыс әкімінің қолдауымен Шаховское ауылында күрделі жұмыстар істеліп жатыр. Қазір 1 км жол учаскесі жөнделуде. Бағдарлама 2 жылға бағытталған. Биыл 150 млн теңге ақша бөлінді. Ендігі жылы қалған 3,2 км-ді бітіреміз деген ойымыз бар.

Елді мекенге барар жолды толықтай жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады. 2 жылда 12 шақырымнан астам аумақ қалыпқа келтірілмек.


Алтынай Казиканова