МТРА жаңалықтары

Қос саланың тізгінін ұстаған кәсіпкер

 

Қазіргі таңда Максим Калинин өңіріміздің табысты кәсіпкерлерінің біріне айналып отыр. Азамат өз ісін небәрі 21 жасында бастаған. Әуел баста 15 шаршы метр нысанда 5 жұмысшы ғана тер төккен. Ол кезде тауар тек өңірде ғана сатылған, ал қазір өндіріс көлемі артты. Серіктестік ел нарығымен қатар көрші Ресейдің де сұранысына ие болып отыр. Ендігі мақсат – өнімді Қытайға саудалау.

МАКСИМ КАЛИНИН, “Максимальный размах CORPORATION” ЖШС директоры:
– Бұл істі бастағанда ешқандай қолдауға жүгінбедім. Ісім өрге домалап кетеді деп ойлаған жоқпын. Бірақ, қазіргі таңда жоғары сапалы жартылай фабрикат өнімдеріміз тұрғындардың зор сұранысына ие. Біздің тауарымыз еліміздің барлық облыстарында дерлік саудаланады. Жыл сайын тек алға жылжудамыз. Цех та үлкейіп келеді.

Қазіргі таңда “Максимальный размах CORPORATION” серіктестігінде 180-нен астам адам еңбек етеді. Өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты жыл соңына дейін Максим Калинин тағы 70 адамды жұмысқа алмақ. Өз қызметкерлері үшін жайлы жағдай жасау – компания басшылығының басты назарында. “Қолайлы жұмыс кестесі, жоғары жалақы, тегін түскі ас. Жұмыс істеу үшін қажеттінің бәрі бар”, – дейді цех шебері Евгений Рамздорф.

ЕВГЕНИЙ РАМЗДОРФ, “Максимальный размах CORPORATION” ЖШС қызметкері:
– Бұл жерге 2014-ші жылы келдім. Басында жүк тасушы болып жұмыс істедім. Уақыт өте ілгерілеп цех шебері болдым. Қазіргі таңда 300 мың теңге жалақы аламын. Басшылық үйден келіп-кету шығынын да көтереді. Жұмысымның еш қиындығы жоқ. Цехтағы процесті бақылап, тауардың сапасын назарда ұстаймын.

Өз ісін ашып, өзгені жұмыспен қамтып отырған Максим Калинин тек бір бағытта ғана жұмыс істемейді. Азамат өңіріміздегі туризмді дамытуға да үлес қосуда. Қазіргі таңда оның қала сыртында таңдаулы отбасылық паркі бар. Онда солтүстікқазақстандықтармен қатар көршілес облыстардың, тіпті шетел тұрғындары келіп демалады.


Алдияр Айтпаев