МТРА жаңалықтары

20-шы қараша күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді

 

Қараша айында елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айының 1-ші жұлдызында жариялаған жолдауында айтқан еді. Жуырда Президент Қазақстан халқына тағы да үндеу арнады.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Халық біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр. Сондықтан, мен бүгін бұған дейін айтылған сайлаудың мерзіміне және Конституцияның талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді деді. Осы ретте айта кетейік, күні кеше ғана Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға “қоғамдық-саяси күштер коалициясы” атынан қатысатынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасы Президенті:
– Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаев “Мемлекет басшысы ретінде президент сайлауының әділ әрі ашық өтетініне кепілдік береміз” деді. Қараша айында өтетін маңызды саяси науқанға солтүстікқазақстандықтар белсене қатысқалы отыр.

Блиц:
– Біріншіден, бұл кейінгі ұрпағымыз үшін өте маңызды. Екіншіден, елдің болашағы. Сондықтан, міндетті түрде сайлауға жанұямызбен қатысамыз.
– Біз Қазақстанның азаматымыз, сондықтан, алдағы сайлауға міндетті түрде қатысамыз. Маңызды науқанға барлығы жауапкершілікпен қарауы тиіс.
– Қарашаның 20-сы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін естідім. Жолдасымыз екеуіміз мұндай маңызды оқиғадан тыс қалмаймыз. Бұның барлығы халықтың болашағы үшін жасалып жатыр.


Дана Ешкенова