ТКШБилік

Шал ақын ауданында ауыз су мәселесі шешімін табуда

1500 тұрғын үшін ауыз су мәселесі енді артта қалмақ. Бүгінде Шал ақын ауданында су құбыры желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Тіршілік көзі Преснов топтық су құбырынан тартылмақ. Жаңажол, Жаңаталап ауылдарында шаруа аяқталып қалды. Қазір жұмыстар Бірлік, Кеңес елді мекендерінде жүргізіліп жатыр. Айта кетсек, осыған дейін бұл жерлерде су болмаған.

РАХАТ СМАҒҰЛОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
– Проект расчитан на 2 года. Сумма проекта – 2,1 млрд тенге.

Магистраль салу жұмыстары биыл бітуі тиіс. Келесі жылы мамандар сорғы станцияларын орнатпақ ниетте. Қолға алынған іспен өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов танысып, су таратушы желілердің қажеттілігін атап өтті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Әр ауылда су таратушы желі болуы керек. 5 жыл ішінде 6,5 мың адам баспаналарына су тартты. Бұның елді мекенде өмір сүру жағдайын одан әрі жақсартатыны сөзсіз. Яғни, үйге кір жуғыш машина, душ кабиналарын орнатуға болады. Ағымдағы жылы ауыз су мәселесі бойынша 55 ауылда тиісті жұмыстар атқарылуда. Бастысы, барлық шаруа сапалы түрде жүргізілуі тиіс.

Келесі кезекте Ступинка, Семиполка, Повозочное ауылдарына су тарту жоспарланған. Қажетті құжаттар дайын. Қаржы келесі жылы бөлінуі тиіс.

РАХАТ СМАҒҰЛОВ, Шал ақын ауданының әкімі:
– Жоба құны – 2,4 млрд теңге. Алдыңғысы сияқты 2 жылға бағытталған. Сапалы ауыз сумен 3 ауылдың 2 мың тұрғыны қамтылады. Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жаңаталаптан кейін Ступинка, Семиполка, Повозочноеға көшеміз. Осылайша, аудандағы 7 ауылда су мәселесі біржақты етілмек.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Повозочное ауылына да ат басын бұрды. Қазір мұнда хоккей кортының үстін жабу жұмыстары қолға алынған. Жоспар бойынша іс желтоқсанда мәресіне жетуі тиіс. Бұл мақсатта 90 млн теңге бағытталыпты.

НИКОЛАЙ ЛУГОВОЙ, «АгроСевер» ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:
– Хоккей кортының үстін жабу үшін мердігер «Мамыр» серістестігінің өкілдерімен маусым айында сөйлестік. Қаражат мәселесі бойынша қиындықтар туындап қалды. Өйткені, қазір материалдардың бағасы шарықтап кеткен. Десе де тиісті келісімшарт жасағалы жатырмыз.

Өңір жетекшісі ауыл тұрғындарымен жүздесіп, оларды қандай проблема мазалайтындығын сұрады. Сондай-ақ, биыл егіннің шығымдылығы жақсы екенін, серіктестіктердің жұмысы көзге көрініп жатқандығын тілге тиек етті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Кәсіпкерлердің кірісі ауыл тұрғындарының өмір сапасынан көрінуі қажет. Мемлекет те бұл бағытта қолдан келгенін аямауда. Повозочноеның барлық көшесіне жарықшамдар орнатылған. Су мәселесі келесі жылы толықтай шешімін таппақ. Мектептеріңіз де талаптарға сәйкес жұмыс істеп тұр. Медицина саласы да көңіл қуантады.

Құмар Ақсақалов Шал ақын ауданынан Петропавлға дейін жол сапасы жақсаратынын да атап өтті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бізге алдымен Сергеевкадан қалаға апаратын жолды жөндеу керек. Биыл Шал ақын ауданынан Николаевка ауылына дейінгі трасса қалпына келтірілуі қажет еді. Алайда, ол жақтың бір бөлігі ғана реттелді. Өйткені, қазір 2 компания арасында сот процестері жүргізілуде. Бірақ, кез келген жағдайда жұмыс жалғасын табады.

Облыс әкімі жергілікті жастардың еңбекпен қамтылуын сұрастырды. Повозочное ауылындағы қыз-жігіттердің жартысынан көбі жұмыс істейді.

Алтынай Казиканова