Спорт

“Qulager” ХК рудныйлық “Gornyak”-ты тізе бүктірді

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Спортсүйер қауым біртіндеп трибунаға жайғасуда. Бүгін ағайын тартысты кездесудің куәсі болмақ. Жергілікті “Qulager” ХК өз айдынында рудныйлық “Gornyak”-ты қабылдайды.

Турнирлік кестеде қос құрама иық тірестіріп келеді. Жергілікті ұжым 3-ші орында тұрса, қонақтар 5-ші сатыға жайғасқан. Сондықтан, бүгінгі кездесу екі команда үшін де аса маңызды. Ағайын көптен күткен матч өз бастауын алды. Ойынның бірінші минутынан жергілікті жігіттер ширақ көрінді. Қарсыласты тығырыққа тіреудің нәтижесінде солтүстікқазақстандықтар ойынның 6-шы минутында шайба салды.

Есеп 1 де 0. Гол авторы – Кирилл Старцев. Бұл соғылған шайбадан кейін жігіттер қысымды одан сайын үдете түсірді. Нәтижесінде араға 1,5 минут салып қарсылас қақпасынан Илья Ахметов саңылау тапты.

Осылайша, есептегі басымдық арта түсті. Алайда, көп ұзамай “Gornyak” командасы да қаһарын көрсетті. Қарсылас ойынның 11-ші минутында “Qulager”-дің қақпасына шайба дарытып, есеп айырмасын қысқартты.

Алғашқы периодтан спортсүйер қауым мол әсер алды. Командалар 3:1 есебімен киімжайға кетті. Үзіліс барысында “Gornyak” ХК шабуылшысы Оскар Юлбарисов алғашқы 20 минуттық жайлы өз ойын білдірді.

ОСКАР ЮЛБАРИСОВ, “Gornyak” ХК шабуылшысы:
– Ойын жоғары қарқынмен басталды. Ереже бұзып, ойыншымыз айып алаңына кетті. Кейбір сәттерде қарсыласқа толық қысым көрсете алмадық. Сол себепті, шабуылымыз нәтижесіз болып жатты. Үзілісте жаңа жоспарлар мен тактикалар ойластырып, 2-ші периодта бұдан да жақсы өнер көрсетуге тырысамыз.

Аздаған үзілістен соң қос команда арасындағы кездесу жалғасты. Екінші периодта бірінші болып есепті алаң иелері ашты. Шайбаны Артем Подшендялов соқты. Кейіннен қонақтар “Qulager” қақпасынан екі мәрте саңылау тауып, есеп айырмасын қысқартты. Ал периодтың соңында рудныйлықтар ережені өрескел бұзып, Кирилл Старцевті қақпашымен жеке қалдырды. Буллитте құлагерлік шабуылшы мүмкіндікті жібермеді. Осылайша, 2-ші период 5:3 есебімен бітті.

АРТЕМ ПОДШЕНДЯЛОВ, “Qulager” ХК шабуылшысы:
– Сәл босаңсып, басымдықты жіберіп алдық. Қарсыласымыз өкшемізден басып, есепті теңестірмекші болды. Период соңында екі шайба айырмасымен алға шыға алдық. Жалпы, ойын тартысты өтуде.

Соңғы шешуші периодта командалар бір-бір голдан алмасты. Осылайша, бұл кездесу 6 да 4 есебімен аяқталды.

Алдияр Айтпаев