Билік

Әкім мен тілші: ашық әңгіме

Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев журналистермен жүздесіп, толғандырған сұрақтарына жауап берді. Тілшілер өте белсенді. Ол түсінікті де. БАҚ өкілдері күнде келе бермейтін мүмкіндікті пайдаланып, рет-ретімен сөз алды. Алғашқы сауалдың бірі Конституция көшесінің бойында орналасқан Үкілі Ыбырайдың ескерткішіне қатысты болды.

Бүгінде өңірімізде туған атақты халық композиторы, белгілі әншінің ескерткіші маңында құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Ел арасында бұл алаң сатылып кеткен, ал ескерткіш басқа жерге көшіріледі деген әңгіме жүр. Бұл қаншалықты рас? Бір кездері солақай саясаттың нысанасына ілігіп, “Қалдырған” әнін жазған тұлғаның енді ескеркішін елеусіз қалдыру қазақ атымызға сын емес пе?

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Сұрақты қарастырамыз. Бұл скверді өзім жақсы білем. Мәселені бақылауға аламыз.

Қалалық әкімдік өкілдері бұл мәселе бойынша кейін жазбаша жауап береміз деді. Жыл артқан сайын “Береке” ықшам ауданында халық саны ұлғаюда. Тиісінше, балалардың да қатары көбеюде. Бұл ауданға жаңа балабақша қажет. Әйтпесе, көліктері жоқ ата-аналар орталыққа ұл-қыздарын автобуспен, таксимен әкелуге мәжбүр.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Балабақша салуға аукцион арқылы жер учаскесі сатып алынды. Жер Гастелло көшесінен 5 жылға берілген. Сұрақ білім басқармасымен қарастырылып жатыр. Құрылыс келесі жылы басталады.

Берекеліктер үшін ақ түйенің қарны жарылған күн туады. Тек шыдай тұру қажет. “Қызылжар жастары” атты тың бағдарламаны көпшілік естіген шығар? Ол бойынша қыз-жігіттер баспаналы болмақ. Шарттары тиімді. Дегенмен, бұл жоба қаламызда әлі жүзеге аспай жатыр. Себебін әкімнен сұрадық.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Бағдарламаны Отбасы банкімен бірге дайындадық. Қалалық мәслихаттың қарауына жібердік.

АСҚАР ХАБИБУЛИН, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
– Қаржы бөлінген жоқ. Қаржы бөлінгесін жұмыс басталады.

Шаһар билігі облыстан қаржы күтіп отыр. Келесі жылы ақша қарастырылып, тың жоба аясында жастарға үй салынуы мүмкін. Тағы да шыдау қажет. Қала көркін жаңа ғимараттармен қатар, саябақтар келтіреді. Олар да тұрғызылады. Іске әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компаниялар да қатыспақ.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Партизан көшесінің бойында сквер салынады. Alageum компаниясы өз ақшасына салмақшы. Біз тек жер береміз.

Кездесуде жол жөндеу, аялдамаларда тұрғызылған таблоларды қайтадан іске қосу жайлы да айтылды. Жаңадан тұрғызылған үйлерге коммуналдық желілерді тарту мәселесі де көтерілді. Руслан Аңбаев ашық форматтағы мұндай кезекті кездесуді енді қарашаның соңында немесе желтоқсанның басында өткізбек.

Байболат Култанов