Қоғам

“Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы – ауылға демеу

Бұл – Шал ақын ауданындағы Кривощеково ауылы. Мұнда 200-ден астам үй бар. Халқының саны 600-ден асады. Елді мекен тұрғындарын соңғы жылдары екі мәселе мазалап келген. Бірі – жол, екіншісі – су. Жолдарының жағдай тіпті нашар болса, Кеңес үкіметі кезінде салынған су құбырлары мүлдем жөндеу көрмеген.
Проблеманың шешімі табылды. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасының аясында ауылға 173 млн теңге бағытталып, 12 көшенің алтауы жөндеу көрді.

АЗАМАТ ЖАҚСЫБАЕВ, Кривощеково ауылдық округінің әкімі, Шал ақын ауданы:
– Жол мәселесі әкімдік кездесулерінде жылда көтерілетін. Мәселе биыл шешілді. Қазіргі уақытта ауылдың 80 пайызы асфальтталған. Алдағы уақытта ауылды 100 пайызға асфальттауды жоспарлап жатырмыз.

Жөндеу көрген жолмен қатар су өтетін 10 шақырымдық құбыр да жаңартылып жатыр. Бұл іске “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша 92 млн теңге қаржы бағытталған. Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстың 90 пайызы тындырылды. Негізгі құбырлар жөнделіп қана қоймай, кейбір тұрғындар суды үйлеріне тартып алып жатыр. Тіршілік нәрі 233 үйдің 40-тан астамына өткізілді.

АЗАМАТ ЖАҚСЫБАЕВ, Кривощеково ауылдық округінің әкімі, Шал ақын ауданы:
– Құбырлар толығымен орнатылды, резервуар әкелінді, 15 колонка қойылды. Енді насосная станция жеткізілуі тиіс. Сонымен жұмыс 100 пайызға атқарылады. Алдағы уақытта «Асыл Логистикс» серіктестігінің басшылығымен сөйлесеміз деп жоспарлап отырмыз қарт және мүгедек адамдардың үйлеріне су тартып беруге көмектесу үшін.

Айта кетейік, Кривощеково ауылында 150-ге жуық қарт адам мен 35 мүгедек жан тұрады. Елді мекенде алдағы уақытта жарық мәселесін де шешу жоспарланып отыр.

Самал Жунусова