Спорт

“Qyzyljar” ФК өз алаңында алматылық “Kairat”-тан ұтылд

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Бүгінгі маңызды ойынға жанкүйерлердің қолдауы аса қажетті. Себебі, “Qyzyljar” ФК өз алаңында азулы алматылық “Kairat”-ты қабылдамақ. Қарсыластың турнирлік кестеде айтарлықтай басымдығы бар. Құрама 6-шы орында. Ал жергілікті ұжым 11-ші сатыда тұр.

Жексенбіде “Қарасай” стадионына жиналған спортсүйер қауымның қарасы қалың. Қолдарына қара-қызыл ту ұстаған жігіттер де, футболға әуес бұрымдылар да осында. Жанкүйерлер арасында зейнеткерлер де баршылық. Әне-міне дегенше ағайын ала дөп бәсекесін тамашалауға кірісті. Алғашқы минуттардан-ақ жергілікті жігіттер қонақтарға қысым көрсете бастады. Бірнеше қауіпті сәттер де болды. Бірақ, арты голға ұласар нәтижелі шабуыл орын ала қоймады. Ал оңтүстікастаналықтар ойынның 19-шы минутында алаң иелерінің қорғанысын бұзып кіріп, Мирослав Лобанцевті қапыда қалдырды.

Осылайша есепте “Kairat” алға шықты. Соғылған голдан кейін петропавлдықтар шабуылды үдете түсті. Нәтижесі де көп күттірмеді. 33-ші минутта сол қапталдан Пабло Подио берген допты грузиялық Элгужа Лобжанидзе шірене тартып қақпаға бағыттап, гол соқты.

Бірінші таймда командалар 1 де 1 есебімен үзіліске кетті. Ойынды спортсүйер қауым қызыға тамашалады.

– “Qyzyljar” ФК жанкүйермін. Үйдегі әр ойынына келіп, көрермен боламын. Жергілікті жігіттерді әр уақытта қолдаймыз.
– Осы қалаға келгелі, нақтырақ айтсам, 3-4 жыл көлемінде “Qyzyljar” ФК жанкүйермін. Өзіме Еркін Тапалов пен Муса Коненің ойыны ұнайды.

Үзілісте “Qyzyljar” фан-клубының өкілдерімен де тілдестік. Бауыржан Алипаев – “15-ші аймақ”-тың белді мүшесі. Мачты тамашалап, петропавлдықтарға қолдау көрсету үшін азамат әкесімен бірге келеді екен. Бірақ, бүгінгі “Kairat”-қа қарсы ойынға жалғыз келіпті.

БАУЫРЖАН АЛИПАЕВ, қала тұрғыны:
– Ойыншыларға бізден қажет барлық қолдауды көрсетіп жатырмыз. Қазіргі таңда фан-клуб даму үстінде. Қатарға тыңнан жанкүйерлер қосылып, түрлі баннерлер істеудеміз. Әр ойынға мықты дайындықпен келеміз. Бұған дейін елордаға барып та жігіттерге жанкүйер болдық.

Екінші таймда командалар белсенді болды. Бірақ, негізгі уақытта гол соғылмады. Төрешілер кездесуге қосымша 4 минут қосты. Мұны алматылық қонақтар өз пайдасына сәтті жаратты. Оңтүстікастаналықтар “Qyzyljar”-дың қақпасынан саңылау тауып, гол соқты.

Бұл голдан кейін қонақтар жеңіс тойын тойлауға кірісіп кетті. Қалған азғантай уақыт ішінде есепті өзгерту мүмкін емес екендігін жергілікті жігіттер де түсінді. Осылайша кездесу 1 де 2 есебімен аяқталды.

АЛИ АЛИЕВ, “Qyzyljar” ФК бас бапкері:
- Ойынның сапасына көңілім толады. Бірақ, соңғы минутта қақпаға соғылған гол көңілге қаяу түсірді. Енді бүгін ізін суытпай матчты сараптап, қатемен жұмыс істейміз. Турнирлік кестеде қауіпті аймаққа кірдік. Одан шығуға әрекет жасаймыз.

Қос клуб арасындағы кездесу “Қарасай” стадионына 3 мыңнан астам адам жинады. Айта кетейік, “Qyzyljar” ФК-ның – кезекті қарсыласы тараздық “Taraz” командасы. Матч қазанның 9-шы жұлдызында сырт алаңда өтеді.

Алдияр Айтпаев