Құқық қорғау органдары

Полиция қызметкерлері сала ардагерлерін мерекелерімен құттықтады

Қарты бар елдің қазынасы бар. Жергілікті полиция қызметкерлері ардагерлерді Халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Өткен аптада тәртіп сақшылары бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істеген зейнеткерлердің үйіне барып, үй шаруасына көмектесті. Сондай-ақ, қант, шәй, тәтті-дәмдісін ала барды.
Тіпті, шағын концерт ұйымдастырылды. Іс-шара ведомстволық музей қабырғасында өтті. Жиын барысында 20-ға жуық офицер “Қазақстан полициясына – 30 жыл” мерейтойлық медалімен, грамота және алғыс хаттармен марапатталды.

ШЕГЕБАЙ НҰРҒОЖИН, ішкі істер органдарының ардагері;
– “Мен ішкі істер департаментіне 1997 жылы келдім. Учаскелік инспектордан бастадым. Кадр бөлімінде инспектор болдым, бөлім бастығы, бөлімше бастығы болдым. Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің басшысы болып қызмет атқардым. Осындай кездесулерді ұйымдастырып отырғаны үшін ардагерлердің атынан, өзімнің атымнан алғысымды айтамын”.

Осындай мерекелік іс-шаралар облыс аудандарында, сондай-ақ, Петропавл қаласының полиция басқармасында да өткізілді. Ішкі істер органдарының ардагері Сергей Акопянді ізбасарлары үйіне барып құттықтады.

– Сергей Ваганович! Сіздердің мерекелеріңіз құтты болсын! Сізге зор денсаулық, амандық тілеймін.

Сергей Ваганович ширек ғасырдан астам уақыт кеңестік милиция қатарында қызмет еткен. Еңбек жолын учаскелік инспектордан бастаған. Бірақ, өмірінің көп бөлігін қылмыстық іздестіру қызметіне арнаған.

Гульден Симбаева