Қоғам

Пәтер бағасы артуы мүмкін бе?

“Хозяйка” деген сөзге пәтер жалдап тұратын кез келген жан елең етеді. Мына телекихаядағы актерлер әркімнің есігін қағып, табалдырығын тоздырған “квартиранттардың” рөлін керемет сомдаған. Үй иесінің өтініші – патша бұйрығы. Уақытында орындамасаң басың дауға қалады. Ақыры соңында баспанадан қуып, жұмсартып айтсақ, айқай-шумен шығаруы да мүмкін.

Иә, пәтерді жалдау ақысы аз емес. Қазір жайлы 1 бөлмелі баспанада тұру үшін жалақың кем дегенде 200 мың теңге болуы қажет. Ал отбасың болса, 300 мыңның үстінде табыс табуға тиіссің.


БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Соңғы уақытта елімізге, оның ішінде өңірімізге келуші адамдардың саны артты. Ашығын айту қажет, бұл кәдімгідей жығылғанға жұдырық болды. Бірнеше күннің ішінде Қазақстанда пәтерді жалдау ақысы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай өсіп кетті. Қазір айлыққа қарап отырған ағайын қатты алаң. Тағы бір мәселе -тұрғындардың үйден шығарылуы. Ақшаға қызыққан жандар “Квартиранттарын” далаға шығарып, орнына қалталары қалыңдарын кіргізіп жатыр” деген әңгіме жүр бүгінгі қоғамда.

Интернетті ақтарсақ, мұндай жағдайдың еліміздің ірі қалаларында орын алып жатқанын ұғынамыз. Әсіресе, Астанада, Алматыда жағдай мәз емес. Бірақ, біздегі ахуал да көңіл көншітпейді. Халық жалдау ақысының тым жоғары екенін айтып, қапаланады.

Билік бұл мәселеден хабардар. Жақында елордада Үкімет отырысы өтті. Жиында еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайылов азаматтарымыз қиын жағдайларға тап болғанын атап өтіп, жауапты органдарға тапсырма берді.


ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:
– Жауапты органдар тұрғын үй нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Біз үшін бірінші кезекте қазақстандықтардың мүддесі, оларды жұмыспен қамтамасыз ету маңызды. Мұны барлық кәсіпорындар мен ұйымдар ескеруі керек. Көрші елдерден келген мигранттар бізбен тек бекітілген заңнама аясында ғана жұмыс істей алады. Бұл жағдай бақылауда.

Тапсырма берілді. Жақын арада орындалады, Қазақстанда ақылға сыйатын жалдау ақысы болады деп сенейік. Өз-өзімізді қанша жұбатқанымызбен “қазіргі ахуал ерте ме, кеш пе пәтер құнына әсер етуі мүмкін” деген де ой мазалайды. Жалдау құнын қазір ауыздықтамаса, оның артынан қарай пәтердің сатылу құнына әсер етпесіне кепіл бар ма?

Байболат Култанов