Денсаулық сақтауБалалар

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы 14 жас маманмен толықты

Қазанның бірінші дүйсенбісі – Халықаралық дәрігерлер күні. Мереке аясында облыстық көпбейінді балалар ауруханасында салтанатты шара өтті. Жиын басында ақ халаттыларды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов құттықтады.

Биыл облыстық балалар ауруханасы 14 жас маманмен толығып отыр. Мерекелік шара барысында оларға мекеме тарапынан шамамен 1 млн теңгеден сыйақы табыс етілді.

Жас дәрігерлердің арасында Мақсат Асқанбеков те бар. Азамат – невролог-дәрігер. Ол осыдан 1 ай бұрын облыстық көпбейінді балалар ауруханасына қызметке қабылданыпты. Өзі – оңтүстік өңірдің тумасы. Алматы қаласындағы Санжар Асфендияров атындағы медициналық институтын тәмамдап, бірден солтүстік өңірге келуді жөн көріпті.

МАҚСАТ АСҚАНБЕКОВ, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының невролог-дәрігері:
– СҚО-ны таңдаған себебім, бұл жақтың ауа райы жақсы. Дәрігерлерге деген көзқарас жақсы. Осындай қаражатпен көмектеседі. Бұның бәрі – бізге жас дәрігер ретінде ауқымды көмек. Аурухананың атынан үйдің жарты ақшасын төлеп береді. Өзіміздің Шымкентке қарағанда осы жақта жас дәрігерлерге жақсы көмек көрсетілуде.

1 млн теңге көлеміндегі сыйақы аурухана тарапынан беріледі. Бұған қоса оларға облыстық әкімдік атынан 1,5 млн теңгенің сыйақысы табыс етіледі. Бұл өңірге жас мамандарды тарту үшін жасалуда. Балалар ауруханасына 14 жас дәрігер келсе де кадр тапшылығы мәселесі өткір тұр.

НҰРЛАН АЙМАНОВ, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы:
– Жыл басында 29 дәрігердің жетіспеушілігі болған. Енді 14-і келді, әлі 16 дәрігер керек. Келесі жылы келеді деп күтудеміз, себебі, облыстық қаражатқа 100-ден астам маман оқып жатыр.

Кейін жиналғандар аурухана маңына көшет екті.

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
– Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында қалыптасқан дәстүр бар. Яғни жұмысқа қабылданған әрбір жас маман ағаш отырғызады. Бүгін мына аллеяда 14 шырша отырғызылуда.

Нұрлан Аймановтың айтуынша бұл дәстүр қоршаған ортанып көріктендіріп қана қоймай, ұжымды ұйыстыра түседі. Сонымен, облыстық көпбейінді балалар ауруханасында бүгінде барлығы 79 маман еңбек етуде.

Самал Жунусова