Қайырымдылық

Зейнеткерге көмек көрсетілді

75 жастағы Нағима Хусаинова Бескөл ауылында өзі жалғыз тұрады. Былтыр жолдасынан айырылған. Жасы келген соң денсаулығы да сыр беріп, үй мен маңайдағы шаруаларды атқару қиындық туғыза бастағанын айтады. Сол үшін аптасына екі рет әлеуметтік қызметкер келіп баспанасын жинасып кетеді екен.

НАҒИМА ХУСАИНОВА, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Тамақты өзім дайындаймын. Қалғанына әлеуметтік қызметкер көмектеседі. Керегінде азық-түлігімді де әкеліп береді. Өзім ризамын. Өткен аптада еріктілер келіп, картоп пен қызанақты қазып алды. Мені ұмытпай, қол ұштарын беріп, тірлігімді жасауға көмектесіп жатқандарға алғысым шексіз.

Алдыңғы аптада бітпей қалған шаруалар бүгін жалғасын тапты. Еріктілер тұрғынның бау-бақшасын артық шөптен тазалап, айналаны реттестірді. Үй иесі ауырғанына қарамастан, қолына тырнауыш алып бірге еңбектеніп жүр.

ГҮЛӘСЕЛ ХАМИТОВА, Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы, Қызылжар ауданы:
– Жалпы, аудан бойынша волонтерлер базасы құрылған. Құрамында 3 мыңнан астам ерікті бар. Ауданда «Қызылжар» еріктілер клубы бар. Онда азық-түлік, киім-кешек сынды керекті заттарды жинаймыз. Жалғызбасты зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға көмектесуге тырысамыз.

Жанашыр жандар келесі аптада Нағима Хусаинованың бақшасындағы қырыққабат пен сәбізді жинамақ ниетте.

Алтынай Казиканова