БілімҚоғам

Ұлағатты ұстаздар марапатталды

Қазанның 2-ші жұлдызы, яғни жексенбі – Мұғалімдер күні. Кәсіби мейрамдары қарсаңында бүгін ұстаздар қауымы Оқушылар сарайына мерекелік жиынға жиналды.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– Ұстаздар, педагогикалық еңбек ардагерлері, құрметті қонақтар. Облыс әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың атынан мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ұстаздық қызмет – әлемдегі ең абыройлы мамандық. Сіздердің ел дамуына қосып жатқан үлестеріңіз зор.

Құттықтау сөзден кейін Марат Тасмағанбетов мамандарды марапаттау рәсіміне кірісті. Ең бірінші болып сахна төріне Гүлнәр Зағыпарова шақырылды.

Ұлағатты ұстаз облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Нәзікжанды ұрпақ тәрбиесіне 23 жылдан бері үлес қосуда.

ГҮЛНӘР ЗАҒЫПАРОВА, Батыр Баян атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі, М.Жұмабаев ауданы:
– Еңбегімді бағалай білген әрбір жанға алғысымды білдіремін. Барлық әріптестерімді ұстаздар күнімен құттықтаймын! Еңбек жолында шығармашылық табыс, отбасында бақыт тілеймін, еңбектеріңіз бағалана берсін.

Кәсіби мереке қарсаңында ыстық ықыласқа Сергей Зелепухин де бөленді. Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің оқытушысына облыс әкімінің Алғыс хаты берілді. 40 жылдан астам уақыт бойы шәкірттеріне музыка өнерінің қыр-сырын үйреткен маман биыл құрметті еңбек демалысына шығып, ардагер ұстаздардың қатарын толықтырыпты. Дегенмен де азамат әлі де білім ордасында жұмысын жалғастыруда.

СЕРГЕЙ ЗЕЛЕПУХИН, Е.Серкебаев атындағы Өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің оқытушысы:
– Бойда күш-жігеріміз барда жұмыс істей береміз. Біздің шәкірттеріміз ісімізді одан әрі жалғастырып, ізімізді басады деген сенімдемін. Қазіргі таңда оқушыларымның әр жетістігін көріп қуанамын. Ұстаз үшін бұдан асқан жетістік бар ма?

Биылғы жылы 260 жас өңіріміздің ұстаздар қатарына қосылыпты. Осылайша облыстағы мұғалімдер саны 12 мыңнан асып отыр.

Алдияр Айтпаев