Спорт

Петропавлда ҚР Тұңғыш Президенті тестілерінен облыстық чемпионат өтуде

Жүгіру, ұзындыққа секіру, жүзу мен пневматикалық қарудан оқ ату. Петропавлда ҚР Тұңғыш Президенті тестілерінен облыстық чемпионат өтіп жатыр. Додада 7 ауданнан келген 70-ке тарта адам бақ таластыруда. Жарыстың талаптарына сай сайысқа 18 бен 60 жастағы спортшылар қатысып жатыр. Кеше бастау алған спорттық шара ертең де жалғасын табады.

РУСЛАН ҚОЖАЕВ, жарыстың бас төрешісі:
– Тұңғыш Президент сынақтарына пневматикалық қарудан оқ ату, ұзындыққа секіру мен күштік гимнастика кіреді. Ерлер белтемірге тартылады, әйелдер арнайы жаттығулар жасайды. Бұған қоса, жүзу, 1000 метрге жүгіру сынды сайыстар ұйымдастырылады. Осы жарыстардың қорытындысы бойынша аймақ құрамасы толығады. Команда қазан айының ортасында Алматы қаласында өтетін ел чемпионатына қатысады.

Гульден Симбаева