Билік

Облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында бірнеше мәселе қаралды. Алғашқысы – алқаптарды пайдалану, бос жатқан немесе заңсыз берілген танаптарды мемлекет меншігіне қайтару. Бұл жөнінде ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев баяндама оқыды.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Облыстық жер қоры 9,8 млн гектарды құрайды. Оның 7,3 млн гектары ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылады. Өңірде 3 мыңға тарта шаруа және фермерлік қожалық жұмыс істейді. Облыста тағы 857 серіктестік бар.

Кейін мінберге облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы Бақытжан Бекіш шықты. Ол бос жатқан немесе заңсыз берілген алқаптарды мемлекет меншігіне қайтару бойынша баяндама жасады.

БАҚЫТЖАН БЕКІШ, СҚО жер инспекциясы басқармасының басшысы
– 2022 жылы 88 тексеріс ұйымдастырылды. 445 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер тексерілді. Оның басым бөлігі – жайылым. Нәтижесінде 67 бұзушылық анықталды. Пайдаға жаратылмай жатқан 142 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағытта қызу жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Солтүстік Қазақстан облысында Президент тапсырмасы орындалып жатыр. Бірақ, баяндама жасаған Бақытжан Бекіш бірден орнына отырмады. Оған қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев сұрақ қойды. Сауал жақында ғана Петропавл мен Бескөлдің арасында заңсыз кесілген ағаштарға қатысты болды.

ПАВЕЛ АФАНАСЬЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
– Жер иесі қаншалықты заң аясында әрекет етті? 2007-ші жылы төңіректі кәсіпкерге берген басшылық жайлы не айта аласыз?

БАҚЫТЖАН БЕКІШ, СҚО жер инспекциясы басқармасының басшысы
– Ағаштардың заңды немесе заңсыз жолмен кесілгендігін біз тексермейміз. Бұл мәселе құзыреттілігімізге кірмейді. Ал төңірек туралы айтсақ, біздің орган өтінішсіз тексеріс жүргізе алмайды.

Қос азаматтың арасында кәдімгі пікірсайыс болды. Павел Афанасьев болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін кәсіпкерлерді тексеру керек деп санайды. Бұған Бақытжан Бекіштің өз айтары бар. Мемлекеттік орган өздігімен бизнесмендерді тексере алмайды. Құжаттарды ақтарып, маңайды шолу үшін өтініш түсу қажет екен. Мінбердегі шенеунікке облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменов те мәселемен жүгінді. Проблема өзекті.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:
– Бұрын жер жыртқанда орманға тақап жыртуға болмайды деген норма болған. Қазір 1 метр қалдырмай жыртады. Мұны ауылдарға шыққанда көріп жүрміз.

Бұл жағдай алдағы уақытта қайталана беруі мүмкін. Өйткені, ормандардың шекарасы біраздан бері сызылмаған. Сызылса, техника тізгіндеген жандар құжат бойынша ғана соқа түсірмек. Жиында мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында бұзушылықтарға жол бермеу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жайлы да сөз қозғалды.

Байболат Култанов