Білім

37 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім

Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға. Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жанат Нұғыманованың осы салада қызмет етіп жүргеніне 37 жыл болыпты. Мамандық таңдауда қолына қалам ұстауды үйретіп, білім нәрімен сусындатқан алғашқы ұстазы, әкесі мен әпкесі септігін тигізгенін айтады. Нәзікжанды еңбек жолын Боголюбово ауылында бастаған. Ұлағатты жан мұғалімдіктің қызығы мен қиындығы қатар жүретін сала екенін ескеріп, жас ұстаздарға мынадай кеңес береді.

ЖАНАТ НҰҒЫМАНОВА, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:
– Осы мамандықты таңдағаннан кейін балаларды жақсы көрулері тиіс. Алдына келген шәкірттердің жақсы қасиетін таба білу керек. Ата-аналармен тығыз байланыста болған жөн.

Жанат Сәкенқызының алғашқы шәкірттері бүгінде ер жетіп, әрқайсысы өз жолдарын тапқан. Ізін қуып, ұстаздық жолды таңдағандары да бар екен. Жалпы, мұғалім оқушыларының білімге деген құштарлығын оятып, тақырыпты тереңірек түсінулері үшін заманауи әдіс-тәсілдерді қолданады.

ЖАНАТ НҰҒЫМАНОВА, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:
– Қазіргі кезде ғылым мен техниканың дамыған заманы. Сондықтан, бір орында тұрмай, алға қарай ұмтылу керек. Заманауи озық технологияларды қолдануға тырысамын. Жасыма қарамастан, жастармен бірге үйренуге тырысамын.

Мұғалім былтыр зейнет демалысына шыққан. Қазір ата-аналардың сұрауы бойынша 3-сынып оқушыларын оқытып жүр. Әр балаға өзінің немерелеріне қарағандай мейірімін төгеді. Ұл-қыздар да ұстаздарын ұйып тыңдайды.

– Жанат Сәкеновнаның сабақтары маған ұнайды. Әдебиет, есептеу ерекше ұнайды.
– Жанат Сәкенқызы үй тапсырмасын қалай орындау керектігін түсіндіреді. Бірдеңені ұмытып кетсек, ұрыспай түсіндіреді.

Айта кетсек, ұстаз 2020 жылы Асхат Аймағамбетовтың Құрмет грамотасымен марапатталған.

Алтынай Казиканова