Мәдениет

Ресейлік актриса Эвелина Бледанс жергілікті Даун синдромына шалдыққан балалармен кездесті

Облыс орталығында Даун синдромына шалдыққан балалармен кездесу ұйымдастырылды. Балаларды демеп, қолдауға Ресей елінің актрисасы, тележүргізуші Эвелина Бледанс келді. Өнер иесі ұл-қыздармен ән салып, би билеп, балалардың көңілін бір марқайтты.

Жиынға балалар да құр қол келмей, талант иесіне өз сыйлықтарын ұсынды. Әр баланың жүзінде бал-бұл жайнаған күлкі. Осы сәтте әр ата-ананың бойынан бауыр еті баласына деген махаббат пен мейірімді көруге болады. Бұл балғындар өзге жеткіншектермен бірдей, тек өздерінің ерекшеліктері болмаса деді жиналғандар. Айнамкүл Жаутаева Есіл ауданындағы Петровка ауылында тұрады. Шараға қызы Жанеркені ерте келген.

АЙНАМКҮЛ ЖАУТАЕВА:
– Қабілеті дамып келе жатыр, ән айтады, өзінің қылықтары бар. Алыста тұрсақ та әр түрлі іс-шараларға келіп отырамыз. Бар жұмысымды тастап, қызымның 10-15 минут болсын, жарты сағат болсын, осы балалармен бірге болып, бірге қызықтасын деп келіп отырамын.

Шараға 10-ға жуық бала қатысты. Белгілі әртіспен кездесу соңғы рет 7 жыл бұрын ұйымдастырылған. «Солнечный дом» қоғамдық қорына биыл 7 жыл толып отыр. Ұйым жетекшісі Анастасия Швецтің сөзінше балалар белсенді, түрлі үйірмелерге жиі қатысып тұрады.

АНАСТАСИЯ ШВЕЦ, «Солнечный дом» ҚҚ директоры,
– Балаларымыз Оқушылар сарайында өтетін хореография, театр үйірмесіне, сурет салу сабақтарына барады. Түрлі сайыстарға қатысып тұрады. Қазан айында «Шегі жоқ өнер» деген конкурсқа атсалысуды жоспарлап отырмыз.

“Солнечный дом” қоғамдық қорына 45 бала мүшелік етеді. Мейірім мен жылуға толы кездесуде ресейлік актриса Эвелина Бледанс балалар мен олардың ата-аналарына
бір-біріне күш-жігер беріп, ешқашан мойымау қажеттігін айтты.

Гульден Симбаева