Билік

“AMANAT” партиясының 32-ші облыстық конференциясы өтеді

Ертең, яғни қыркүйектің 30-шы жұлдызында “AMANAT” партиясының 32-ші облыстық конференциясы өтеді. Осыған орай қазір аудандарда жиынға қатысатын делегация құрылуда. Бүгін мұндай шара М.Жұмабаев ауданында ұйымдастырылды. Кандидат ретінде 5 азамат ұсынылды. Тізімге еңген жандарды халық қалаулылары бірауыздан қолдады. Күнтізбеде қаралған екінші сұрақ – ауданның саяси кеңесінің құрамын өзгерту. Барлығы – 15 жан. Кеңестің құрамына депутаттар қатарына биыл қосылған Төлеген Әбілмәжінов ілікті.

ТӨЛЕГЕН ӘБІЛМӘЖІНОВ, М.Жұмабаев ауданының мәслихат депутаты:
– “Бүгін саяси кеңеске 15 адам сайланды. Тізімге мен де іліктім. Біздің міндетіміз – халықпен жұмыс істеу. Оларды қабылдап, сұрақтарына тұшымды жауап беру. Халқымызбен тығыз жұмыс жасап, қызмет ету.

Жиында барлығы 3 тақырып қозғалды. Соңғысы – “AMANAT” партиясының саяси платформасы. Тың жүйе бұған дейін де бірнеше рет М.Жұмабаев ауданының депутаттары арасында талқыланыпты. Конференция барысында партия мүшелері арнайы сайтты іске қосуды бірауыздан қолдады. Айта кетейік, еліміздің әрбір азаматының әл-ауқатын арттыруға бағытталған платформа наурыз айында жасалыпты.

АЙЗАДА РАХМЕТОВА, “AMANAT” партиясы М.Жұмабаев аудандық филиалының атқарушы хатшысы:
– Бұл саяси платформада мемлекет басшысының жолдауында айтылған барлық бағыттар қамтылған. Соның бірі – ішкі саясат, конфессияаралық және халықаралық келісім, адамның құқықтары мен бостандығы. Жолдауда жарияланған реформалар бойынша тұрғындар кез келген сәтте келіп немесе партияның сайты арқылы депутаттардың көмегіне жүгіне алады. Бұл жоба тұрғындар мен биліктің бірлесе жаңа Қазақстан құруына жол ашады.

Жалпы, қазіргі таңда М.Жұмабаев ауданында 17 бастауыш партия ұйымы бар.

Алдияр Айтпаев